Сауран: Жүзеге асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – ауданның экономикасы мен экологиясын көтер

Сауран ауданында жүзеге асып жатқан жобалар көп. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданға қарасты 12 ауылдық округте жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Жобаның басты ерекшелігі – инфрақұрылым мен қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру арқылы тиімділікті арттыру, өндіріс шығындарын азайту және сапаны жоғарылату.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында айтқандай біз ауылшаруашылығы саласының әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. «Саланы дамытудың маңызы өте зор. Өйткені қазақтың жаны, өзегі ауылда. Айтылған мәселелерді кешенді түрде шеше алсақ, агросекторды одан әрі дамытар едік. Қазіргі уақытта нарыққа бейімделу, бәсекеге қабілетті болудың маңызы зор. Жалпы инвестиция тартуда нақты қажет салаларды анықтауымыз керек. Инвестиция тартуда да тәртіп керек екені айқындалып отыр. Мұның бәрі де дер кезінде айтылып отырған мәселелер», – деп Президент айтқандай, ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық салаға ауданда барынша көңіл бөлінген. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ниетті инвесторлармен жұмыс жалғасуда. Ауыл тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында инженерлік-инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда, әлеуметтік салаға да өз деңгейінде көңіл бөлініп отыр, – дейді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Жуырда аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға ниетті ресми инвесторлармен кездесу өткізді. Ол кездесудің басты мақсаты – ауданда мал шаруашылығын дамыту, заманауи бордақылау алаңдарын салу және инвестициялық жобаларды жоспарлы түрде іске асыру. Келіссөздер барысында инвесторларға Ескі Иқан ауылдық округінде құрылысы жүріп жатқан 15 мың бас мүйізді ірі қараға арналған 30 мал бордақылау кластерінің алаңы таныстырылды. Бұл кешен аудандағы мал шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Алдағы уақытта дәл осы аумақта 10 мың бас мүйізді ірі қараға арналған 20 қора салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауданның өндірістік қуатын арттырып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бордақылау алаңдарымен бірге мал азығын дайындап, өндіретін арнайы нысандардың салынуы межеленген.
Бұдан бөлек, әлеуметтік салада бірқатар жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, Сауран ауданының іскерлік орталығында заманауи талаптарға сай бой көтеретін 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан ауданның мәдени әлеуетін арттырып, тұрғындардың шығармашылық және қоғамдық өміріне жаңа серпін беретін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болып табылады.
Жоба параметрлері бойынша мәдениет үйінің жалпы ауданы 4664,54 шаршы метрді, ал құрылысқа берілген жер телімі 1,27 гектарды құрайды. Сараптама қорытындысына сәйкес, құрылыс ұзақтығы 17 ай болып белгіленген. Нысанның құрылысы биыл басталып, 2026 жылға өтпелі болып жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында бетон және арматура жұмысын атқаратын 12 маман, қабырға қалау жұмысына жауапты 18 адам, сондай-ақ инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарында 3 маман жұмыс істеуде. Құрылыс техникасы да толық жұмылдырылған. Алаңда екі автокран және бір погрузчик тұрақты түрде жұмыс істеп, құрылыс процесінің тиімділігін арттыруда. Аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген соң, аудан тұрғындар үшін жаңа шығармашылық алаңға, мәдени іс-шаралар мен қоғамдық кездесулер өтетін маңызды орталыққа айналмақ.
Осы құрылыс алаңында болған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров нысан сапасының талапқа сай орындалуы мен құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Сонымен қатар ауданда балалар және футбол алаңшалары салынуда. Мәселен, Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекенінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызу жұмысына атсалысты. Акция барысында жалпы көлемі 1,8 гектар жер телімі абаттандыру мақсатында бөлініп, аумақ толықтай қоршалды. Сондай-ақ, арық қазу, тегістеу, топырақ дайындау және жасыл желек отырғызу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 3 мың түп қарағаш пен шырша ағаштары отырғызылды. Алдағы уақытта бұл аумақты заманауи саябаққа айналдыру көзделіп отыр. Жобаның басты мақсаты – ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақ көлемін арттыру және тұрғындарға таза әрі демалуға қолайлы орта қалыптастыру. Іс-шара барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті. Абаттандыру жұмыстары аясында балалар ойын және футбол алаңшасы да пайдалануға берілді. Заманауи жабдықтармен жасақталған ойын алаңы ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Тағы бір атап өтерлігі аудан әкімі қабылдауында аудан тұрғындары көтерген мәселелер бойынша да нақты шешімдер қабылданып, бірқатар шаруалар атқарылуда. Мәселен, аудан әкімдігінде өткен жеке қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, инфрақұрылым және жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар мәселелерді көтерген болатын. Әр өтініш сала мамандарының қатысуымен талданып, нақты шешу жолдары белгіленді. Атап айтар болсақ, қабылдауда азаматтардың бірі жалпы білім беретін мектепке акт залының қажеттілігін атап өтті. Мектеп ғимараты 2021 жылы пайдалануға берілгенімен, жоба барысында акт залы қарастырылмаған. Қазіргі уақытта спорт залды біріктіріп пайдалану жүзеге асырылып келеді. Бұл мәселе бойынша ауданның білім бөлімі облыстық білім басқармасына ұсыныс хат жолдаған. Қаржы қаралған жағдайда қажетті құрылыс жұмыстары жүргізілмек.
Ал көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй мәселесімен жүгінген азаматқа кезек тәртібі түсіндірілді. Ол «Күміс алқа» санаты бойынша тіркелген және заңға сәйкес тұрғын үйлер салынғаннан кейін кезектілік ретімен пәтер беріледі. Сонымен қатар, отбасы бірнеше жыл қатарынан атаулы әлеуметтік көмек алып келеді. Тұрғын үй жалдаудың бір бөлігін субсидиялау мүмкіндігі түсіндіріліп, «Отбасы банк» өкілдерінен кеңес алу ұсынылды. Демеушілер тарапынан азық-түлік түрінде көмек көрсетіліп отыр. Жұмысқа орналасуға қатысты өтініш білдірген азаматқа мамандығы бойынша бос жұмыс орнының жоқтығы айтылып, «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, жаңа орындар ашылған сәтте хабарланатыны жеткізілді. Егізқара елді мекеніне қатысты жарық, ауыз су және жол мәселелері де көтерілді. Жарықтандыру бойынша биыл жарық бағаналары, жарықдиодты шамдар мен аккумуляторлар орнатылған. Қосымша күн энергиясына негізделген автономды жүйе енгізу жөніндегі ұсыныс қарастырылуда. Таза ауыз су бойынша су қабылдау станциясына жөндеу жүргізуге келісім жасалып, тұрғын үйлерге су тарту және резервуар орнату жоспарланған. Жол мәселесі бойынша бірнеше жыл қатарынан кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Қалған 15 шақырым жолды жақсарту үшін сметалық құжат әзірленіп, қаржы бөлінген жағдайда жұмыстар басталатыны айтылды.
Мақсат Таңғатаров қорытынды сөзінде «Әр тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Барлық мәселе бақылауда болады. Инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді бізге берген сұхбатында.


