Ордабасы: «Рамазан-Агро» серіктестігі өнімі шет елге экспортталуда

Oinet.kz 30-11-2025 32

2020_09_17_4.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – деген болатын. Президентіміз айтқандай, мемлекет ірі және орта бизнесті де дамытуға мүдделі. Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі де зор. Жалпы Ордабасы ауданында өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі едәуір артып отыр.

Жалпы Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан ірі кәсіпорындар көп. Соның бірі – «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, бұл шаруашылық 2009 жылы құрылып, егін шаруашылығымен айналысып келеді. Компанияның негізгі бағыты – суармалы жерлерде мақта егу және оны өңдеу арқылы ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы өнім ұсыну. Бүгінгі таңда серіктестіктің қарамағында 723 гектар суармалы жер бар. Кәсіпорын осы алқаптарға Түркиядан әкелінген жоғары сапалы мақта сорттарын егіп, жыл сайын шамамен 4500 тонна мақта шикізатын жинайды. Жиналған өнім кәсіпорынның өз мақта өңдеу зауытында өңделіп, жылына 35 мың тоннаға дейін мақта талшығы өндіріледі.

– Президентіміз айтқандай «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан тұрғындарына тұрақты жұмыс тауып беріп отырған аудандағы ірі агроқұрылым. Шаруашылық құрамында 77 тұрақты қызметкер еңбек етеді, ал маусымдық жұмыстар кезінде бұл көрсеткіш 300 адамға дейін жетеді. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосуда, – дейді аудан әкімі.

Бүгінгі күні «Рамазан-Агро» серіктестігі өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын кеңінен қолданады. Кәсіпорынның меншігінде 120-дан астам техника бар, олардың қатарында John Deere маркалы мақта жинайтын комбайндар, тракторлар, тіркемелер, тиегіштер мен басқа да заманауи жабдықтар бар. Сонымен қатар шаруашылық өз алқаптарына жаңбырлатып суару жүйесін орнатқан. Бұл өздігінен жүретін инновациялық техника су ресурстарын үнемдеуге, сонымен қатар тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.

– Компания мақта шаруашылығын дамыту арқылы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, Қазақстандық мақтаның сапасын арттыру және оны әлемдік нарықта ілгерілету мақсатында мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мен енгізу жөнінде ұсыныстар білдіріп отыр. Сонымен қатар өндіріс пен экспортты қатар дамытып отырған «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданымыздың ғана емес, күллі өңірлердегі мақта шаруашылықтарына үлгі болуда, – дейді аудан әкімі Азат Оралбаев.

Жалпы «Рамазан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнімдері тек отандық нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. 2016–2017 жылдары серіктестік Чехияның Cotton CZ S.R.O. компаниясымен үш келісімшарт жасап, тұрақты серіктестік орнатты. Сонымен қатар, шаруашылықтың өнімдері Беларусь, Ресей және Молдова елдеріне экспортталуда.

Сарыағаш: Ауданда әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар нәтижелі шешімін табуда
Арыс қаласы: Әлеуметтік-инфрақұрылым нысандарының қатары округтерде артып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу