Созақ: Округтерде кешенді даму жоспары жүзеге асырылуда

Oinet.kz 10-11-2025 2

569413745_2010687203012886_1376819178501815210_n.jpg         Созақ ауданында да биыл атқарылған жұмыс көп. Ол жұмыстардың барысы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың есеп беру жиындарында кеңінен айтылуда. Мәселен, Сызған ауылдық округінде кешенді даму жобалары қарқынды жүзеге асуда. Осы жылдың сәуір айында ұзындығы 13,3 шақырым болатын «КХ-110» бағытындағы Қозмолдаққа дейінгі облыстық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, Қозмолдақ елді мекеніндегі футбол алаңшасы жаңартылып, қайта пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ Қ.Тоқмұхамедов және Ж.Дәуітбаев көшелерінде ұзындығы 2,3 шақырым болатын жаңа жаяу жүргінші жолы салынуда.

Ал балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде ойын алаңшалары орнатылған. Ал Қозмолдақтағы Қ.Рүстемов көшесінде ересектерге арналған воркаут алаңы салынған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қайнар елді мекенінің Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне жалпы ұзындығы 7,9 шақырымды құрайтын жолға асфальт жабыны төселіп, ауылішілік жолдардың сапасы жақсара түскен. Көшелерді жарықтандыру бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Атап айтқанда, Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жалпы ұзындығы 12,9 шақырымды құрайтын көше бойына көше жарығы орнатылған.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қозмолдақ ауылында жабық үлгідегі футбол алаңы салынып, пайдалануға берілген. Сонымен бірге округ аумағында төрт көпірдің құрылысы жүргізілді. Оның қатарында Қозмолдақ–Басбұлақ бағытындағы көпір, Т.Төреханов көшесіндегі және Е.Алдасүгірұлы көшесіндегі екі көпір бар. Қазіргі таңда Сызған ауылдық округі аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигонның құрылысы жүруде. Бұған қоса ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәдени қызмет сапасы артып келеді.

Бұдан бөлек, Созақ ауылдық округінде де атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімінің айтуынша, биыл Созақ ауылдық округінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Созақ ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар Шақырық және Созақ елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан су құбыры желісінің 80 пайызы орындалып, жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Созақ ауылының Өткелбаев көшесі бойынан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы да жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Құрманғазы көшесінен жаңа саябақ пен демалыс орны, №1 колледждің жатақханасы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «Жеңіс» аллеясы салынуда. Облыстық маңызы бар тас жол бойына үш аялдама, ал Созақ, Көктөбе және Ыбырай елді мекендерінде воркаут алаңдары орнатылуда. Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. «Биыл Созақ ауылдық мәдениет үйінің залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал бұрынғы әкімдік ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік орталығы ретінде пайдалануға әзір. Инфрақұрылым бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Округ аумағындағы 77 шақырым ішкі жолдың 55,2 шақырымы асфальт, 20,8 шақырымы қиыршық тасты жолдар. Биылдың өзінде Ыбырай елді мекеніне 2,2 шақырым және Көктөбе ауылына кіреберіс жолға жаңа асфальт төселді. Созақ ауылының Матенбаев көшесіне – 520 метр, Құрманғазы көшесіне – 550 метр асфальт жабындысы салынды. Сонымен бірге тұрмыстық қалдық полигонына баратын жолға 3,5 шақырым, Рысбек көшесіне 2,2 шақырым, Ауезов көшесіне 800 метр және Ыбырай елді мекенінің көшелеріне 2 шақырым қиыршық тас төселді», – дейді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Сонымен қатар ауыл орталық алаңына 3000 шаршы метр асфальт төселіп, көріктендіру жұмыстары жүргізілген. Жалпы ұзындығы 51,5 шақырым көше жарықтандырылып, округ бойынша 100 пайыз жарықпен қамтылды. Бұл мақсатта бес жаңа трансформатор орнатылуда. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауылдың ішкі және сыртқы көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, LED экран қойылуда.

Ал Қарақұр ауылында 20,3 шақырым негізгі ішкі автомобиль жолдары бар. Биылғы жылы оның 6,3 шақырымы асфальтталып, бүгінде ауылдың барлық негізгі көшелері толықтай асфальтпен қамтылған. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің Қарақұр ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуінде айтты. Ондағы жиында округ әкімі Ғалым Бимендиев ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, биылғы жылдың басты жетістіктеріне тоқталды.

Аудан басшысы тұрғындарға аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар жөнінде хабарлап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Кездесуден кейін жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды жеке қабылдап, әрбір өтінішке жеке тоқталды. Атап өтерлігі, бүгінгі таңда ауылдың негізгі көшелерінде жол белгілері мен жол кедергілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігі күшейтілген. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру жүйесі жаңартылып, ауыл көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылған. Ауылдың орталық көшелеріндегі жарық бағаналары безендіріліп, көріктендіру жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Созақ–Бақырлы бағытындағы жол бойындағы қабырғаға «Қарақұр – құт мекенім» деген жазуы бар тақтайша орнату жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда Қарақұр ауылындағы Наурыз көшесінде балалар ойын және шағын футбол алаңшаларының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Шаға елді мекенінің орталығында да балалар ойын алаңшасы салынуда.

Аудан әкімінің келесі кездесуі Қаратау ауылдық округінде болды. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы өз сөзінде аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды. Әсіресе елді мекендерді ауыз сумен қамту, жолдарды жөндеу, көше жарығын орнату және абаттандыру жұмыстары жөнінде кеңінен айтып өтті. Биыл Қаратау ауылында тұрғындарды тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған жоба жүзеге асуда. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес мекемесі – «Волковгеология» АҚ демеушілігімен ұңғыма құдықтар қазылуда. Сонымен қатар «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдалануға берілмек. Мал тоғыту орнының құрылысы да жалғасуда. Жыл соңына дейін ауылдық округке қарасты елді мекендердің ішкі көшелері 100 пайыз жарықтандырылмақ. Ақсүмбе мен Сарыжаз ауылдарында балалар ойыны және кіші футбол алаңдары пайдалануға берілді. Қаратау ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ жыл соңына дейін Жиенбет батыр көшесіне заманауи LED экран орнату жоспарлануда.

Бұл ауылдық округтердегі кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарын жолдады. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің әрқайсысына жекелей тоқталып, шешілуі бойынша нақты тапсырмалар берді.

Арыс қаласы: Диқанның еңбегі елеуге тұрарлық
5 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды немес қауіп-қатерсіз, бейбіт өмір – әр адамның арманы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу