Сарыағаш: Жылға жән Әлімтау ауылдық округтеріне инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда

Oinet.kz 27-11-2025 22

576371141_5108098486101563_3804201196915574782_n.jpg

Жылға ауылдық округіне қарасты елді мекендерде табиғи газ, таза ауыз су және сапалы электрмен қамту бағытында құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық тұрмысын жақсартуға бағытталған жобалардың игілігін ел көреді. Осы нысандардың құрылысын Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, көрді.

Округке қарасты Шеңгелді елді мекеніндегі таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Нысанның тапсырыс берушісі ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жоба аясында 308 тұрғын үйді таза ауыз сумен қамту көзделген. Жалпы жоба бойынша су құбырының ұзындығы 33,618 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда, екі су ұңғымасы қазылып, ауыз су құбырлары толығымен тартылған. Бұдан бөлек, 150 су құдықшасы орнатылып, су қоймасында резервуар мен күзет бекеті салынған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталған, ендігі кезекте су қоймасы аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ал Жылға елді мекенін табиғи газбен қамту мақсатында құрылыс-монтаж қарқынды жұмыстары жалғасуда. Оның құрылысын «Ремстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Тапсырыс беруші ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жалпы жоба бойынша табиғи газ құбырының ұзындығы 64,251 шақырымды құрайды. Оның темір газ құбыры 24,271 шақырым, полиэтилен газ құбыры – 39,980 шақырымды құрайды, ал бүгінгі күні табиғи газ құбырының 80 пайызы тартылған. Бұл нысанды жоба аясында жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Округке қарасты Шеңгелді елді мекенінде электр желілерін жаңарту және трансформатор қондырғысын орнату жұмыстары жалғасуда. Ол жұмысты «Андас Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарылуда. Жоба бойынша 6 трансформатор орнату, кернеуі 0,4 киловат желісін 16,450 шақырым және кернеуі 10 киловат желісін 10,820 шақырым ұзындықта тарту қарастырылған. Бүгінгі таңда,  құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған.

Аудан басшысы округке аудан тұрғындарымен арнайы кездесуге барған сәтте ол нысандарды аралау барысында жұмыс барысын бақылап, жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Осында аудан әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, олардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында аудан басшысы биыл атқарылған жұмыстар нәтижесімен бөлісіп,алдағы жоспарларды баяндады. Кездесуден кейін Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Шешу жолдары қарастырылып, тиісті бөлім және ауылдық округ әкіміне тапсырмалар берілді. Жалпы Жылға ауылдық округінде облыстық және аудандық бюджет есебінен бірқатар құрылыс және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтсақ, Жылға елді мекенінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 5,2 шақырым қашыртқы арнасы кеңейтіліп, механикалық тазалау жұмыстары атқарылған. Оған қоса, Шеңгелді елді мекенінде табиғи газдың ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, сәуір айында пайдалануға берілді. Ішкі электр желілері жаңартылып, 6 трансформатор жауапты мердігер – «Андас Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан орнатылды. Сондай-ақ, Мырзахметқажы көшесіне ұзындығы 280 метр асфальт төселді. Ауыз судың ішкі жүйелеріне құбыр тарту және ауылдық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Шымырбай елді мекенінің Тәуелсіздік көшесіне жарық шамдары орнатылған. Сонымен қатар, ішкі ауыз су жүйесіне арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Шайхана, Жылға және Қарақалпақ көгілдір отынмен қамту мақсатында газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жеке инвестиция есебінен фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталған.

Сондай-ақ ауданға қарасты Әлімтау ауылдық округінде де таза ауыз су жүйесінің құрылыс жүмыстары жалғасуда. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – Сарыағаш ауданындағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы басым міндеттердің бірі, бұл жұмыс ауданның бірқатар елді мекендерде және Сарыағаш қаласында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев Әлімтау ауылдық округіне қарасты елді мекенді таза ауыз сумен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Құрылыс алаңында болған аудан басшысы нысанның қазіргі жағдайымен танысып, жауапты бөлім мен мердігерге  жұмысты сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Тасқұдық елді мекенін сапалы ауыз су құрылыс жұмыстарына жауапты «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл нысанның құрылысы «Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» тапсыруымен жүзеге асырылуда. Аталған нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталған, ал жобаны толық аяқтау осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Жалпы жоба бойынша су құбырының ұзындығы – 33,618 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні бұл құрылыс нысанында 650 метрлік сапалы ауыз су ұңғымасын қазу жұмыстары аяқталып, ауыз су құбырлары тартылған. Сонымен қатар, су қоймасында резервуар мен күзет бекеті салынып, құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі – 95 пайызды құраған. Сарыағаш ауданында жыл соңына қарай бірнеше ауылдық округте ондаған нысанды ел игілігіне беру жоспарланып отыр.  

Сарыағаш: Әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде
Арыс қаласы: Диқанның еңбегі елеуге тұрарлық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу