«ЭкоШина» – өңір экономикасының жаңа тынысы

Oinet.kz 15-11-2025 5

Қазіргі уақытта әлем елдері табиғатқа жанашыр өндіріс түрлеріне көбірек көңіл бөліп келеді. Экологияны жақсарту, қалдықты азайту, ресурсты үнемдеу   жаһандық дамудың ажырамас бөлігіне айналды.

Screenshot_10.jpg

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялдық аймағында орналасқан «ЭкоШина» компаниясы осы бағыттың өңірдегі нақты үлгісі болып отыр. Пайдаланудан шыққан автокөлік шиналары мен резеңке түтіктерін қайта өңдеп, жаңа өнім жасау табиғатты қорғаудың тиімді жолы екенін дәлелдеп келе жатқан кәсіпорын аймақ экономикасына тың серпін беруде.

Көпшілік үшін жарамсыз болып көрінетін көлік шинасы іс жүзінде құнды шикізат екен. «ЭкоШина» өндіріс алаңына әкелінген әрбір шина арнайы технология арқылы бірнеше кезеңдік өңдеуден өтеді. Нәтижесінде жылына 1400 тонна резеңке ұнтағы өндіріліп, жол-құрылыс, спорттық жабындар, балалар алаңдары секілді салаларға жіберіледі. Бұған қоса, кәсіпорын 1800 тонна пиролиз майымен және 400 тонна техникалық көміртек пен металл сымымен нарыққа шығып отыр. Бұл өнімдердің барлығы түрлі өнеркәсіп салаларында үлкен сұранысқа ие.

Өндірістің қарқыны артқан сайын жаңа жұмыс орындары да көбейді. Бүгінде 36 адам тұрақты еңбекпен қамтылып, өз ісінің кәсіби маманына айналып келеді. Кәсіпорында әр қызметкердің еңбегі бағаланып, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Тұрақты табыс көзі мен әлеуметтік қолдаудың болуы да өңір халқының тұрмыс сапасына оң әсерін тигізуде.

«ЭкоШина» жұмысының ең үлкен артықшылығы қоршаған ортаны ластайтын қалдықтың қайта өңделуі. Пайдаланылған шиналар табиғатта жүздеген жылдар бойы шірімей, қоршаған ортаға зиян келтіретіні белгілі. Ал оларды арнайы технология арқылы қайта өңдеу, экологиялық ахуалды жақсартудың нақты тетігі. Шығарылған өнімнің барлығы екінші өмірге ие болып, қайтадан өндіріс салаларына бағытталады. Бұл қалдықсыз жұмыс істеудің жарқын көрінісі.

Сонымен қатар кәсіпорын аймақта экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да үлес қосуда. Көлік иелері мен сервистік орталықтар шиналарды кез келген жерге тастамай, арнайы қабылдау пункттеріне өткізуге дағдыланып келеді. Бұл  табиғатқа ұқыпты қараудың, қоғамның экологияға деген жауапкершілігінің артқанының белгісі.

Қайта өңдеу саласын дамыту өңір үшін тек экономикалық пайда ғана емес, болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдырудың амалы. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп отырған «ЭкоШина» компаниясы Шымкенттің индустриялық картасындағы маңызды нысанға айналды.

Қорытындылай айтқанда, «ЭкоШина»  қалдықтан зат жасайтын, өңірдің экономикасы мен экологиясын қатар дамытатын кәсіпорын. Табиғатқа жанашыр өндірістің көбейгені елдің өркендеу жолындағы маңызды қадам. Бұл жоба сол қадамдардың бірі ғана емес, аймақтың жаңа тынысы.

Шымкентте көшелерге жаңа бағыттаушы белгілер мен QR-жүйе орнатылады
№53 мекемеде қайта әлеуметтендіру бағдары бойынша жұмыс сапары өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу