449,4 миллиард теңге инвестиция қай бағыттарға жұмсалады?
Астана төрінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable – 2025» форумы биыл да халықаралық деңгейде жоғары ұйымдастырылды.

Бұл алқалы жиынның тақырыбы «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы». Форумның мақсаты ел экономикасына жаңа серпін беріп, инвесторлар үшін сенімді әрі қллайлы жағдай қалыптастыру.
Биылғы басқосуға әлемнің 40 елінен 700-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында мемлекеттік органдардың өкілдері, әлемдік компаниялар мен халықаралық ұйымдар, ірі инвестициялық қорлар және жетекші БАҚ өкілдері бар. KGIR алаңы 2017 жылдан бері Қазақстан Премьер-Министрінің жетекшілігімен өткізіліп келеді және бүгінде елдің инвестициялық беделін арттырудағы басты платформаға айналған.
Форумға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов бастаған делегация да қатысты. Мегаполис өкілдері шетелдік инвесторларға қаланың экономикалық әлеуетін, өндіріс және инновация саласындағы жаңа мүмкіндіктерін таныстырды. Олардың таныстырылымы қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, Шымкенттің даму бағытына ерекше қызығушылық тудырды.
Форум нәтижесінде жалпы құны 449,4 миллиард теңгеге тең 5 ірі инвестициялық жоба бойынша келісімдерге қол қойылды. Бұл жобалар өңірдің экономикалық өрлеуіне жол ашып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты бастамалар.
Ең ірі келісімдердің бірі Ауыл шаруашылығы министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Fabe Agro» ЖШС арасында жасалды. Құны 68 миллиард теңге болатын жоба аясында қалада заманауи жылыжай кешені салынады. Бұл бастама Шымкентті еліміздегі жетекші агроөнеркәсіптік орталықтардың біріне айналдырып, отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігі және «Shaanxi Construction Kazakhstan Co., Ltd» ЖШС арасында тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша үшжақты келісімге қол қойылды. Жоба құны — 55 миллиард теңге. Бұл бастама қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, энергия өндірудің баламалы көздерін дамытуды көздейді.
Форум барысында «MegaSoft», «Selena Group» және басқа да шымкенттік компаниялардың өкілдері шетелдік серіктестермен кездесіп, жаңа бағыттар бойынша әріптестік орнату жөнінде келіссөздер жүргізді. Бұл жергілікті кәсіпорындардың халықаралық деңгейге шығуына жол ашатын маңызды қадам.
KGIR – жай ғана форум емес, ол инвестор мен мемлекет арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің алаңы. Осы басқосу арқылы Қазақстан өңірлеріне инвестиция тартып, әр қала өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік алады. Шымкент қаласы соңғы жылдары ірі жобалар мен инвесторлар үшін қолайлы аймаққа айналды. Қалада индустриялық аймақтар, заманауи инфрақұрылым мен жеңілдетілген бизнес шарттары жүйелі түрде дамып келеді. KGIR-2025 алаңында жасалған келісімдер Шымкенттің жарқын болашағына бағытталған нақты қадамдар. 449 миллиард теңгелік инвестиция бұл мегаполистің тұрақты дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына салынған үлес.


