Түркістан қаласы: Әр үй жылы, әр мекеме қауіпсіз болуы тиіс

Oinet.kz 14-10-2025 22

201109232813464e.png

Қыс – қыр астында, оған дайындық жұмыстары Түркістан қаласында ай бұрын басталып, қазан айының ортасы болмай жатып әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлерге жылу берілген болатын. Ендігі кезекте жылу барысының жүргізілуі мен алдағы қыс айларына дайындық жайы қайтара бір пысықталды. Бұл мәселенін тізгінін бүгінгі күні қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өз қолына, бақылауына алған.

Түркістан қаласында 12561 тұтынушы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік ұйым, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй бар. Барлық тұтынушыларға жылу беру кестеге сай және тұрақты жүргізілуде.

Қала әкімі қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеріп, І және ІІ шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелері мен жертөлелерін аралапды. Танысу барысында қала басшысы нысандардың дайындығын көзбен көріп, тұрғындармен тілдесіп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұл шағын аудандарда орналасқан 75 көпқабатты тұрғын үй толық орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда тұрғын үйлер жылыту маусымына толық дайын.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жылу маусымының сапалы және үздіксіз өтуін қамтамасыз ету – жауапты мекемелердің басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге жедел әрекет ету, ақау анықталған жағдайда дер кезінде жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін тапсырды.

– Қала қысқа толық дайын болуы керек. Әрбір көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысанның жылыту жүйесі үздіксіз жұмыс істеуі маңызды. Тұрғындардың жайлылығы – біздің басты назарымызда. Осы бағыттағы жұмыстар күн сайын бақылауда болуы тиіс», – деді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Сондай-ақ қала әкімі шаһардың бірқатар әлеуметтік және инженерлік нысандарының да жұмысымен танысып, жылу беру барысын бақылады. Атап айтсақ, қала басшысы «Орталық қазандық», №1 және №2 қазандықтардың жұмыс барысымен, сондай-ақ қалалық балалар ауруханасы мен А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің жылу жүйелерінің дайындығын көрді.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 18 жылу қазандығы жұмыс істеуде. Оның 12-сі жыл бойы үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ететін орталық жүйеге қосылған. Ал бюджеттік ұйымдар арасында барлығы 97 әлеуметтік нысанның дайындығы бекітілген.

Қала әкімі айтқандай, Түркістан қаласы табиғи газбен толық қамтылған. Қазіргі таңда мекеме тарапынан 45614 абонентке қызмет көрсетіледі.  Оның ішінде 77 мектеп, 141 балабақша үздіксіз газбен қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері 31 мыңнан астам абонент тексеріліп, 8458 жағдайда кемшіліктер анықталып, тиісті ескертпелер берілген. Сонымен қатар 120 тұрғын үйге газосигнализатор орнатылып, қауіпсіздік деңгейі арттырылды.

Қала әкімі барлық қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың қысқа толық дайын болуын, резервтік қуат көздерін бақылауда ұстауды және тұрғындарға жылуды үздіксіз жеткізуді тапсырды.

– Алдымызда қыс айлары бар. Оған дайындық – тек коммуналдық сала емес, қала өмірінің тұрақтылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды міндет. Әр үй жылы, әр мекеме қауіпсіз болуы тиіс, – деді қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы.

Шаһар басшысы тапсырғандай, бүгінгі таңда барлық нысандардың дайындығы тұрақты бақылауда. Тиісті бөлімдер апта сайын есеп беріп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды жалғастыруда. «Түркістан қаласы алдағы қыс маусымын тұрақты әрі қауіпсіз өткізуге толық дайын» дейді қала билігі.

Өндірістік парктегі жобалар шағын және орта бизнестің дамуына зор септігін тигізбек
«Turan» - Түркістан өңірінің экономикалық дамуының драйверіне айналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу