Қазығұрт: Ауданның даму жолында игі жобалар жүзеге асуда
Қазығұрт ауданында көп жұмыс атқарылуда. Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, өңірде мал бордақылау алаңдары салынып, кәсіпкерлік сала дамуда. Балық шаруашылығына ден қойғандардың да қатары артып отыр. Құс шаруашылығында оң серпіліс байқалады. Инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту жұмысы да жолға қойылған. Міне, аудандағы осы жұмыстардың барысымен танысып отыру аудан әкімінің жоспарына да енген.
Кешегі күні аудан әкімі аудандағы бірнеше шаруа қожалығында болып, олардың жұмыс барысымен танысты. Мәселен, Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында орналасқан «Қайып ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Шаруашылық өкілдері мал бордақылаудың қазіргі жай-күйімен өндірістік мүмкіндіктерін таныстырып, ет өнімдерін өндіру барысы мен оның нарыққа жеткізілуі жайлы ақпарат берді. Қазіргі таңда бұл алаңда мүйізді ірі қараны бордақылау жүйесі жолға қойылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туып отыр.
Аудан әкімі шаруашылық басшыларымен пікір алмасып, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, мал бордақылау алаңының ауыл шаруашылығы саласындағы маңыздылығына тоқталып, аудан экономикасының өркендеуіне қосар үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта өнім көлемін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және ет өнімдерін экспортқа бейімдеу бағытында нақты ұсыныстар айтты. Шаруашылық иелері де жоспарларымен бөлісіп, өндірісті кеңейту арқылы ауданның азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатына үлес қосатынын жеткізді.
Сондай-ақ Азизхан Исмаилов осы ауылдық округне жұмыс істеп тұрған Ақбастау ауылындағы «Қайып ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фермасының жұмысымен танысты. Аудан әкіміне құс шаруашылығының қазіргі жағдайы, өндіріс барысы және ферманың алдағы жоспарлары таныстырылды. Кәсіп иелері өндірісті кеңейту, құс етінен бөлек жаңа өнім түрлерін шығару және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Азизхан Әзімханұлы құс шаруашылығының ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтіп, бұл салада еңбек өнімділігін арттыруға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан кәсіпкерлікке қолдау көрсету жалғаса беретінін айтты.
Бұдан бөлек, аудан әкімі Шарбұлақ елді мекеніндегі демеушілердің күшімен соғылып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс жұмысының барысымен танысты. Аудан әкімінің айтуынша, мұнан өзге округтерге қарағанда құс шаруашылығыдағы алғашқы бастама тауық фермасы мен балық өсіру шаруашылығы бірінші кезекте қолға алынған. Жалпы Шарбұлақ ауылдық округі Қазығұрт ауданының үлгілі ауылы ретінде көпке танымал. Мұнда соңғы жылдары бірнеше әлеуметтік мәселелер шешімін тауып отыр. Округке өткен жылы 3 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бүгінгі күні Шарбұлақ елді мекенінде бұрын-соңды болмаған ашық және жабық спорт кешені салынуда. Бұл игі істі ауылдың тумасы, белгілі кәсіпкер Жабай Төлеев инвестор есебінде жүзеге асыруда. Жаңа спорт кешені ауыл жастары үшін де, жалпы тұрғындар үшін де еңселі спорт және демалыс орнына айналмақ.
Жаңа нысанның құрылысын «Атамекен Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мердігер мекеме облыс бойынша да бірқатар нысандар салған тәжірибелі ұйым. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша үш ауысымды мектептердің соңғысы қазір Шарбұлақ ауылында салынып жатыр. Бұл – көптен күткен қуаныш. Жаңа үлгідегі 300 орындық мектеп «Ar Kua Group» компаниясы арқылы бой көтеруде.
Мұнда балық шаруашылығымен «Сәбит» шаруа қожалығы айналысып келеді. Қожалықтың су айдынында балықтың ондаған түрі өсіріледі. Шаруа қожалық жетектің іс жүргізушісі Баһадүр Айтубаевтың айтуынша, мұндағы балықтың күтіміне барлық жағдай жасалған. «Балықтарға арнайы автоматты құрылғы арқылы жем үнемі беріліп тұрады. Күніне 380 мың теңгеге тамақ жейді. Тіпті балықтың жемі қанттан да қымбат», – дейді ол.
Келесі балық өсіруші «Ағанай» балық шаруашылығы. Шаруашылықта қазіргі таңда балық өсіру ісін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Балық шаруашылығы – аудан үшін экономикалық тұрғыдан тиімді сала болып саналады. Себебі ол тек қана сапалы өнім өндірумен шектелмей, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қазіргі таңда бұл шаруашылық жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы қожалықтардың жұмысымен танысқан аудан басшысы өңір кәсіпкерлеріне балық шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, шаруашылық басшылығына өнім түрлерін көбейту, нарыққа шығару әлеуетін арттыру және экспортқа бейімделу бойынша нақты ұсыныстар берді. Сонымен бірге, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды іске асыруға аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетіні жеткізілді.
Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданда жолға қойылған саланың бірі инфрақұрылым, оның ішінде таза ауыз су жүйесін тарту. «Қазығұрт ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесі шешімін тауып келеді. Аудандағы 61 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Жалпы Қазығұрт ауданында инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді, - дейді аудан әкімі.
Бүгінде Қызылқия ауылдық округінде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары қарқынды. Атап айтқанда, Қызылқия ауылдық округіне қарасты Атажұрт елді мекенінде таза ауыз су тарту жұмыстары толық аяқталып, ауыл тұрғындарына таза ауыз суға қосылғалы отыр. Қазіргі таңда ауылда 211 отбасы 1000 ға жуық тұрғын бар. Инфрақұрылым мәселесі біртіндеп шешілуде: бүгінде ауыз су желісі тартылса, алдағы жылдары газ жүргізу және жол жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. «Атажұрт елді мекеніндегі су құбыры іске қосылса, аудан бойынша 100 пайыз ауыз су мәселесі шешіледі», – деді аудан әкімі. Мұндағы су тарту жұмыстарын құрылыс саласында тәжірибесі мол «Royal Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Тексеру кезеңі жүргізілуде. Жыл соңына дейін таза ауыз су іске қосылып, тұрғындардың игілігіне берілмек.
Бұдан бөлек Сарапхана ауылдық округіне қарасты Майлыошақ ауылында орналасқан «Қазығұрт» индустриалдық аймағында «AGRO-irrigation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл кәсіпорын индустриалдық аймақта жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бірі болып саналады. Жоба аясында ауыл шаруашылығына қажетті заманауи суару жүйелерін өндіретін зауыт салынуда. Бұл өндіріс іске қосылған жағдайда аудан экономикасына жаңа серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік тумақ.
Аудан әкімі құрылыс нысанын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді. Сонымен бірге жауапты мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесіп, құрылыс жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның жай-күйіне назар аударып, жобаның тиімділігі мен болашағына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Азизхан Әзімханұлы индустриалдық аймақтар – жаңа инвестициялар тартудың, кәсіпкерлікті дамытудың және жергілікті өнім көлемін ұлғайтудың негізгі алаңы екенін айта келе, бұл жобаның ауыл шаруашылығын дамытуда ерекше орын алатынын жеткізді.
Осылайша тынысын кеңге жайып келе жатқан Қазығұрт ауданы жыл сайын даму жолында қарқынды қадам жасауда.


