Қала құрылысында жүзеге асырылған маңызды жобалар бар

Oinet.kz 13-10-2025 18

kurylys-brigadasy-800x400.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында тұрғынүй құрылысы саласында ауқымды жобалар жалғасуда. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.

Мәселен, Түркістан қаласында жалпы аумағы 8,4 гектарды құрайтын кешенде 880 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, шаһар аумағында бүгінгі күні тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеу құрылысы қатар атқарылуда. Жаңадан салынып жатқан атшабарға баратын жолдың жалпы ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Жобаға сәйкес жолға екі қабатты асфальт төселіп, жарықшамдары орнатылған. Бүгінде жолдың екі жағынан аяқжол төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Бекзат тұрғын алабында жалпы ұзындығы 8,4 шақырымды құрайтын 5 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу барысында жол негізін әзірлеу, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысын төсеу, жол жиектерін ретке келтіру, сондай-ақ бір жақты аяқжол салу жұмыстары атқарылуда. Одан бөлек, Отырар тұрғын алабында да ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Онда Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес көшелерді қамтитын, жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар шаһарда жол инфрақұрылысымен қатар тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Әбілсейіт Байсейітұлы 5 қабатты 22 кредиттік тұрғын үй кешенінің құрылыс талапқа сай жүргізіліп жатқанын айтты. Мұнда жалпы аумағы 8,4 гектарды құрайтын кешенде 880 пәтер салынып жатыр. «Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары басталып кетті. Біз осы алаңда жұмыс істеп жатқан мердігер ұйымдарға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырып отырмыз» дейді ол.

Атап өтерлігі мұндай құрылыс жұмыстары Түркістан қаласынан бөлек, облыстың өзге де аудандарында жалғасын табуда. Атап айтсақ, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумақта 5 қабатты 32 пәтерлі 2 тұрғын үйдің, 400 орындық балабақша мен «Тұран» мектебі жанындағы аяқжол құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қызылқұм ауылдық округінің Қосқұдық елді мекенінде спорт алаңшасының құрылысы аяқталса, Қызылқұм елді мекенінде жаңа демалыс аллеясы бой көтеруде. Бұдан басқа да атқарылып жатқан жұмыс көп. Дегенмен осы құрылыс нысандарының құрылыс жұмысының барысымен арнайы танысқан кезде Жетісай ауданының әкімі мердігерлер мен жауапты сала басшыларына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды тапсырғанын, мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын ескерткенін жақсы білеміз. Осы арада атап өтерлігі, биылғы жылдың 8 айында Жетісай ауданында 7 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 4,5 миллиард теңгеге артық.

Ал Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлер ауласын ретке келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Аталған жұмыстар аясында тұрғын үй аулаларындағы автомобиль жолдары, автотұрақтар мен аяқжолдардың асфальт жабындылары жаңартылуда. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов шаһарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алған. Мұнда құрылыс жұмыстар Әл-Фараби көшесіндегі №55, 55а, 57, 59 және Абай даңғылындағы №10 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында атқарылуда. Жалпы 2025 жылға Кентау қаласы бойынша барлығы 7 көпқабатты тұрғын үй ауласын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Жандос Қалмырзаұлы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтып отыр.

Су үнемдеу технологиясының артықшылығын шаруалар да түсінді
Жетісай: Ауылдық округтерде жүзеге асырылған жобалар көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу