Шардара: Жаңа техникалар берілді

Oinet.kz 12-10-2025 17

564212428_2462206520848365_5723165079908853578_n.jpg

Шардара ауданы мен қалада көше тазалайтын техника саны артырылуда. Жалпы шаһардағы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Шардара аудандық шаруашылық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі теңгерімінде бірнеше техника беріліп, техника паркі едәуір жаңартылған. Жаңа техника Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы мен Қала күніне орай, Ө.Түгелбаев даңғылы бойындағы шағын өндірістік аймақта табысталды.

Бұл игі бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Ол жаңа техниканы тапсыру сәтінде аудан әкімі Арман Қарсыбаев мекеме ұжымын құттықтап, жаңа техникалардың аудан тазалығы мен көркеюіне қосар үлесіне тоқталды.

– Шардара аудандық шаруашылық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Айталық, мекеме тарапынан шаһардағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан бірер жылдың бедерінде мекеме жаңа техникалармен қамтамасыз ету қолға алынды. Бүгін табысталып отырған арнайы техника – аудан тазалығы мен көркеюіне қосылған үлкен үлес. Бұл – халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, жұмыс тиімділігін еселей түседі, – деді Арман Романұлы.

Шара барысында аудан басшысы мекеме қызметкерлеріне техникалардың кілтін салтанатты түрде табыстап, жаңа техникалармен танысып шықты.

Коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, жаңа алынған техниканың мүмкіндіктері зор. Өйткені жазда көшеге су себуге, қыста қарды күреп, сыпыруға арналған. Биыл алынған көліктердің есебінен мекеме техникалары 30 пайызға жаңарыпты. Жаңа техникаларды табыстау барысында қала әкімі жүргізушілерге су жаңа көліктерге жанашырлықпен қарауды ескертті. «Көліктің майын уақытылы ауыстыру, техникалық байқаудан мерзімінде өткізу ісін қадағалау бас механиктің тікелей міндеті. Бұл көліктер кемі 10 жыл шаһар тұрғындарына қызмет етуі керек. Шардаралықтар жаңа техниканың арқасында тазалық сапасы артқанын сезінуі қажет. Сол үшін жүргізушілер өздері тізгіндеген техникаға ұқыпты болуы тиіс», - деді қала басшысы жүргізушілермен әңгімелескен сәтте.

Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков құттықтау сөз сөйлеп, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов ақ батасын берді. Жаңа техникалар мекеменің күнделікті жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, ауданның экологиялық тазалығын жақсартуға сеп болмақ.

Арыс: Құрылыс саласында атқарылған жұмыс көп
Шалғай елді мекендер кең жолақты интернетке қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу