Заң үстемдігі—әділетті қоғамның іргетасы

Oinet.kz 23-10-2025 18

3.jpg 

Созақ ауданында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ел ішіндегі тәртіп пен заңға бағынудың маңыздылығын дәріптеу мақсатында ауқымды басқосу ұйымдастырылды. Бұл жиын «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» жобасын іске асыру мәселелерін кеңінен талқылауға арналды. Жиынға Созақ аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары, атап айтқанда мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ әлеуметтік педагогтар қатысты.

Бұл кездесудің мәні – тек жоба таныстырумен шектелмей, қоғамның өзекті мәселелерін — жастар тәрбиесі, құқықтық сауаттылық, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік ұстанымдар жайлы терең ой толғауға арналуы. Алқалы отырыста қатысушылар білім беру саласы мен қоғамдық институттардың бірлесе әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті.

Жиында алғашқы болып сөз сөйлеген Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов қоғамдағы заң мен тәртіптің мызғымас құндылық екенін баса айтты. Оның пайымдауынша, азаматтық қоғамды орнықтыру, ұлттық тәрбие мен рухани бірлікті нығайту – тек құқықтық нормалармен ғана емес, әр адамның ішкі жауапкершілігімен, моральдық ұстанымымен бекемделуі тиіс.

Қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілік туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің бірқатар баяндамаларында ерекше тоқталған болатын. Президент: «Заң үстемдігі және әділетті қоғам – еліміздің болашағының іргетасы. Әділ мемлекет дегеніміз – ең алдымен, азаматтардың құқығы қорғалатын, заң бәрінен биік тұратын мемлекет», – деп атап көрсеткен еді. Бұл қағида жиын барысында айтылған әрбір ойдың өзегіне айналды.

Осы бағыттағы ойды жалғай отырып, Созақ аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Берік Тұрғанбаев жастар тәрбиесінде білім беру мекемелерінің, әсіресе ұстаздар мен тәрбиешілердің үлесі өлшеусіз екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «жас ұрпаққа адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіруде білім беру қызметкерлерінің айрықша рөлі бар». Жастарға үлгі боларлық мінез-құлықты қалыптастыру – мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс.

Бұл ойлармен үндес пікірді Созақ ауданының прокуратурасы да қуаттап отыр. Жиында сөз алған аудан прокуроры Руслан Айдарбеков құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында аудан көлемінде атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталып өтті. Прокурор жастар арасында жиі кездесетін құқықтық сауатсыздық пен әлеуметтік немқұрайдылықтың алдын алу үшін жүйелі, кешенді тәсілдің қажет екенін атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен білім мекемелерінің өзара әріптестігі аса маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық саясаттың басты мақсаты – азаматтарды заң аясында қорғау екенін үнемі айтып келеді. Президент: «Әділеттілік – қоғамның басты талабы. Адамдардың заңға, билікке, мемлекетке сенімі – әділеттіліктің бар-жоғына байланысты қалыптасады. Әділет жоқ жерде тәртіп те болмайды», – деп нақты айтқан болатын. Осыған орай, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс деген көзқарас жиынға қатысушылар тарапынан да қолдау тапты.

Жиын барысында Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының әдіскері Рапия Тоқтабаева «Адал азамат» жобасының мазмұны мен жүзеге асырылу жолдарын жан-жақты түсіндіріп берді. Бұл жоба – оқушылар мен жастар арасында адалдық, әділдік, еңбекқорлық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Жобаның түпкі мақсаты – жас ұрпақты жеке басының ғана емес, тұтас қоғамның мүддесін ойлайтын, моральдық жағынан орнықты, заңға бағынышты азамат етіп тәрбиелеу. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті, әрі келешекке бағытталған жауапты миссия.

Отырыс қорытындысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов жастарды ел болашағы жолында жауапты, парасатты және адал азамат болып қалыптасуға шақырды. Оның айтуынша, тәрбие жұмысы – тек бір саланың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әсіресе ел болашағы саналатын жас буынға адалдық пен әділеттің мәнін ұғындыру – аға буын мен мемлекеттік мекемелердің, білім саласы мен құқық қорғау органдарының бірлескен міндеті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің стратегиялық бағытымыз – азаматтардың құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жемқорлықпен күрес және әділетті қоғам қалыптастыру», – деген болатын. Осы қағидалар «Адал азамат» жобасы мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының да негізін құрайды.

Жалпы, бұл жиын – құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Ол жас буынды тәрбиелеуде тек құқықтық емес, адамгершілік ұстанымдарды да қатар дамыту қажеттігін көрсетіп берді. Қоғамда заң мен тәртіптің орнығуы – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың сана-сезімі мен әрекетіне тікелей байланысты. Сондықтан мұндай кездесулердің маңыздылығы – тек ақпарат алмасу емес, ел ертеңі үшін жауапкершілік жүгін ортақтасу.


Сауан мен Сауран кездесу өткізді
«Құқықтық дәріхана»—Созақ ауданында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу