Қаржылық сауаттылық—алаяқтықтан сақтанудың кепілі

Oinet.kz 13-10-2025 13

12.jpg 

Түркістан облысы Жетісай ауданында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Бұл жолы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған республикалық маңызы бар «Қаржылық қауіпсіздік бойынша диктант» жобасы көпшілікке таныстырылды. Аталған жиынға аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, білім беру мекемелерінің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалы мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты.

Жиын барысында елдің қаржылық мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды тақырыптар қозғалды. Соның ішінде ерекше назар аударылған бағыттардың бірі – 2023 жылы іске қосылған «Қарызсыз қоғам» жобасы болды. Бұл бастама ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен «AMANAT» партиясының бірлескен жобасы ретінде қаржылық сауаттылықты көтеру, азаматтардың қарызға батпауына, өз отбасылық бюджетін тиімді басқаруға көмектесу мақсатында қолға алынған болатын. Бүгінде бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды жүзеге асып, қоғам тарапынан оң қолдау табуда.

Жиын барысында отбасы бюджетін жоспарлау, қаржыны тиімді бөлу, кіріс пен шығысты теңгерімді түрде басқару, несие алу мен оны өтеу ережелері, қаржылық алаяқтардың әдіс-тәсілдері және қаржы пирамидалары туралы маңызды ақпараттар ұсынылды. Қатысушыларға бұл мәселелердің барлығы нақты мысалдармен түсіндіріліп, қаржылық сауаттылықтың әр адам үшін маңызы терең екені баса айтылды. Қаржылық сауатты азамат – тек өзіне ғана емес, қоғамға да пайдалы. Өйткені ол заңды сақтайды, өз мүддесін қорғай алады, алаяқтардың арбауына түспейді, сонымен қатар отбасы мен ұжымында тұрақтылықты қамтамасыз ете алады. Қаржылық тұрғыдан тұрақты адам – әлеуметтік, құқықтық және психологиялық жағынан да сенімді тұлға. Бұл мемлекеттің басты капиталы саналады.

Жиын аясында азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау, құқықтық және қаржылық мәдениетті қалыптастыру мақсатында республика көлемінде жүргізіліп жатқан диктант туралы толық ақпарат берілді. Айта кету керек, бұл диктантқа еліміздің кез келген азаматы – мектеп оқушылары, колледж студенттері, педагогтер мен мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, жеке сектор өкілдері және жалпы қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген адам қатыса алады. Диктант форматы онлайн түрде жүзеге асады. Қатысушыға бар болғаны 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беру қажет. Егер қатысушы 16 немесе одан да көп сұраққа дұрыс жауап берсе, ол арнайы цифрлық дипломға ие болады. Ал қалған қатысушылардың барлығына қатысқаны жөнінде сертификат табысталады. Бұдан бөлек, алғашқылардың қатарында тіркеліп, үздік нәтиже көрсеткен 10 қатысушы бағалы сыйлықтарға ие болмақ.

Мұндай ауқымды шаралардың өткізілудегі басты мақсат – азаматтардың қаржылық иммунитетін қалыптастыру, яғни қаржылық тұрғыдан қорғану қабілетін арттыру. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылықтың бір көрінісі. Қаржылық сауаттылық бүгінде тек экономикалық мәселе емес, ол тікелей ұлттық қауіпсіздікпен байланысты. Осы орайда «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында да халықтың цифрлық және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаяқтық әрекеттердің алдын алу, құқықтық сана мен қаржылық тәртіпті арттыру бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында бірнеше мәрте халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өткен болатын. «Әрбір азамат өз қаржысын сауатты басқарып, алаяқтықтың құрбанына айналмауы үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалуы тиіс. Қоғамда қаржы мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізі» деп атап көрсеткен еді Мемлекет басшысы. Бұл бағыттағы шаралар қазірдің өзінде білім беру ұйымдарында, қоғамдық ортада, еңбек ұжымдарында белсенді түрде енгізіліп жатыр.

Жетісай ауданында өткен жиын – осы игі бастамалардың жалғасы. Қаржылық сауаттылықты арттыру – әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғышарты. Бұл бастама жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақты дамуына үлес қосатын үлкен қадам. Қаржылық мәдениет – әділетті қоғам құрудың негізі, ал сауатты азамат – қауіпсіз елдің тірегі. Осы тұрғыда республикалық диктант сынды шаралар білім беріп қана қоймай, әрбір қазақстандықты өз өмірінің жауапкершілігін сезінуге, саналы қаржылық шешімдер қабылдауға жетелейді.

Жиын соңында қатысушылар аталған бастаманың уақыт талабына сай және халық үшін пайдалы екендігін айтып, мұндай ақпараттық-ағартушылық жобалардың жиі өтуін қолдайтындықтарын білдірді.

 


Жетісай: Әкім полиция ғимаратының жағдайымен танысты
Президент Жолдауы аясында әлеуметтік саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу