Мақсат--заңдылық пен тәртіпті күшейту

Oinet.kz 15-10-2025 25

6.jpg

Түркістан облысында өнеркәсіп пен жер қойнауын пайдалануға жауапты салалар арасында бюджетке түсетін түсімдерді арттыру, заңдылықты қатаң енгізу және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінде тұр. Осы мақсатпен облыстың Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастамасымен кең ауқатты мәжіліс өтті. Жиынға Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері қатысып, жер қойнауын пайдаланушылармен тығыз диалог орнату бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Мәжілісте облыстағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың салық міндеттемелеріне ерекше көңіл аударылды. Басқарма басшысы м.а. Қанат Шонбасов баяндамасында кейбір кәсіпорындардың салық тәртібін бұзып отырғанын, сондай-ақ сол кәсіпорындардың өздерін басқа аймақтарға тіркеп, сол жақта салық төлеп, облыс бюджетінен тысқары қалуының теріс әсерін айтып өтті. Бұл тенденция өңірге келетін бюджет дәрежесіне кері әсер етіп, жер қойнауын пайдалану саласының әділ бәсекелестігіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мәжіліс қатысушыларына салық міндеттемелерін орындау тәртібі, уақытылы есептілік беру талаптары және салық төлемеген жағдайда қолданатын заңнамалық санкциялар туралы жан-жақты түсіндірме ұсынды. Олар заң талаптары мен тәртіпті бұзушылықтың салдары туралы нақты заң баптарын мысал келтіре отырып, кәсіпкерлерді жауапкершілікке шақырды.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының орынбасары Мақсат Ералиев өз сөзінде жер қойнауын пайдалануды реттейтін заң нормаларын түсіндіріп, заң шеңберінде кәсіпорындарға құқықтық кеңес беру және туындаған қателіктерді жүйелі түрде түзетуге көмектесуге дайын екендігін жеткізді. Оның пікірі бойынша, заң талаптарына бағыну – кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуінің, сенімді инвесторлық орта құрудың және қоғам алдындағы абыройының кепілі.

Мәжіліс қорытындысы бойынша барлық жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындарға бір ай мерзім ішінде барлық салық қарыздарын өтеу міндеттелді. Сонымен бірге, келесі айдың екінші жартысында атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, мәселе қайтадан талқыланады деп шешілді.

Бұл шаралар облыстағы бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға, жер қойнауын пайдалану процесінде тәртіпті нығайтуға және аймақтық экономикалық тұрақтылықты күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, осындай бастамалар «Заң мен тәртіп» қағидасын барша салаларға толық енгізуге және әр азамат пен кәсіпкердің құқықтық мәдениетін дамытуға үлес қосады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп – мемлекеттің мызғымас негізі» деп, әрбір салада заңдылық пен тәртіпті күшейту міндетін алға қойған болатын.

Ендігі міндет – қабылданған шешімдердің нақты іске асуы, кәсіпорындардың ашық әрі жауапты қызметі, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласында құқықтық тәртіпті нығайту. Қоғам мен билік арасындағы сенім орнатылып, заңға бағынушылық мәдениеті күшейген жағдайда, Түркістан облысының экономикалық әлеуеті одан әрі арта түсетіні сөзсіз.


Таза орта —тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі
Түркістан: Ереже бұзған жүргіншілерге хаттама толтырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу