Жаңа кәсіпорын импортқа тәуелділікті төмендетеді

Oinet.kz 11-10-2025 11

4.jpg

Түркістан облысы ірі инвестициялық жобалармен толығып, экономикалық өсімді жаңа деңгейге көтеріп келеді. Аймақтың индустриялық-инновациялық дамуы аясында Түлкібас ауданында тағы бір стратегиялық маңызды өндіріс орны іске қосылды. Күмісбастау ауылында ашылған «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи зауыты – әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін алғашқы отандық өндіріс ошақтарының бірі. Бұл жоба Түркістан өңірінің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық нарыққа бағытталған сапалы өнім шығару мүмкіндігін де кеңейтеді.

Зауыттың ресми ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жаңа кәсіпорын ұжымын құттықтап, өндірістің стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде еліміздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікке жағдай жасау, бизнеске шетелдік инвестиция тарту мен инфрақұрылымдық қолдау көрсету саясатын нақты жүзеге асыру осы секілді жобалар арқылы мүмкін болып отырғанын атап өтті. Президент өз жолдауларында: «Бизнес – ел экономикасының қозғаушы күші. Біз әр инвесторды қолдауға дайынбыз, кәсіпкерлер үшін ашық әрі тұрақты орта құру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – деп көрсеткен еді. Түркістан облысында бұл қағида нақты іспен дәлелденіп келеді.

АҚШ, Германия және Италия елдерінің заманауи технологияларымен жабдықталған жаңа зауыттың басты ерекшелігі – экологиялық қауіпсіздік пен халықаралық стандарттарға сай өндіріс желісі. Сусындар өндіру барысында пайдаланылатын су 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, көпсатылы сүзгіден өткізіледі. Бұл судың сапасы әлемнің алдыңғы қатарлы зертханаларында – АҚШ пен Италияда арнайы сараптамадан өткен. Сапаға деген жоғары талап – тұтынушыға деген құрметтің айқын көрінісі.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 9 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражатқа өндірістік ғимараттар, құрал-жабдықтар мен инфрақұрылымдық жүйелер толықтай жабдықталған. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысы аясында зауытты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 705 млн теңгеге 6140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды. Бұған қоса, 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылды. Бұл қолдау – мемлекет пен жеке сектор арасындағы нақты әріптестіктің нәтижесі екенін көрсетеді.

Жаңа өндіріс орнының жалпы аумағы 5 565 шаршы метрді құрайды. Мұнда жылына 120 мың тоннаға дейін ауыз су мен газдалған, алкогольсіз сусындар өндіріледі. Өнімдер металл және пластик бөтелкелерде шығарылып, Қазақстан нарығымен қатар, Орталық Азия елдеріне де экспортталады. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кеткен. RC Cola брендімен шығарылатын өнімдер отандық нарықтағы бәсекелестікті арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етпек.

Жобаның сәтті жүзеге асуы – бір жағынан аймақтың индустриалдық даму деңгейінің өскенін көрсетсе, екінші жағынан жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік-экономикалық қолдау болып отыр. Қазіргі таңда зауыт 100-ден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауылдағы еңбек нарығына оң ықпал ететін, халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды бастама. Алдағы уақытта жұмыс орындарының саны артып, жергілікті мамандарды оқыту және қайта даярлау орталықтары ашылады деп жоспарлануда.

Зауыттың ашылу рәсіміне «RC Cola International» компаниясының халықаралық даму жөніндегі бас менеджері Фрэнсис Лампера, жобаның негізгі қаржылық серіктесі – «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова, сондай-ақ жобаның бастамашысы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» ЖШС құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысты. Олар өз сөздерінде бұл жобаның Қазақстан мен Орталық Азия аумағында өндірістік қуатты арттырып, брендтік өнімдердің сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысы бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Тек соңғы үш жылда ғана өңірге тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай өсті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облысқа тартылған инвестиция көлемі 900 млрд теңгеден асты. Оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялар үлесі де едәуір. Бұл – облыстың тиімді географиялық орналасуы мен логистикалық мүмкіндіктерінің нәтижесі. Түркістан – Орталық Азиядағы транзиттік хабқа айналуға қабілетті ірі аймақ. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында жүздеген жобалар іске асырылуда.

Жалпы, Түлкібаста ашылған бұл зауыт – Түркістан облысының индустриалды даму бағытының нақты жемісі. Бұл тек сапалы өнім шығаратын өндіріс орны ғана емес, сонымен қатар инвестициялық ахуалдың тұрақты екенін көрсететін сенімді белгі. Болашақта мұндай жобалардың саны арта түсетініне, ал Түркістан өңірі – ел экономикасының жаңа тірегіне айналатынына толық негіз бар.


Түркістан: Агроөнеркәсіпке 125 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған
Таза орта —тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу