Заң мен тәртіп мызғымас қағида

Oinet.kz 10-10-2025 3

2.jpg 

Түркістан облысында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасып келеді. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Жиында өңірдің тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін төрт маңызды бағыт қаралып, нақты талдаулар мен ұсыныстар ортаға салынды.

Комиссия отырысының басты мәселелерінің бірі – көші-қон заңнамасының орындалуын бақылау және заңсыз көші-қонның жолын кесу болды. Бұл жөнінде Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Б. Айтпаев, Сарыағаш ауданының әкімі А. Абдуллаев және Ордабасы ауданының әкімі А. Оралбаев баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын таныстырды. Облыста шетелдіктердің ел ішінде жүру тәртібі мен құқықтық жауапкершілігін қамтамасыз ету мақсатында үнемі қадағалау жүргізіліп келеді. Нақты деректерге сүйенсек, жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 362 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде елде болу тәртібін бұзған шетел азаматтарының саны 3 723-ке жеткен. Осыған байланысты облыс көлемінде «Мигрант», «Заңсыз келуші», «Құқық тәртібі» секілді жедел алдын алу шаралары жүйелі түрде өткізіліп, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, көші-қонды заңсыз ұйымдастыратын делдалдарға қатысты күрес те күшейтіліп, құқық қорғау органдары оларға қарсы нақты шаралар қабылдауда.

Жиында қозғалған тағы бір маңызды тақырып – жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі болды. Бұл мәселе соңғы уақытта ел көлемінде аса өзекті сипатқа ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында да еліміздегі жол апаттарының көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, нақты тапсырмалар берген болатын. Президент: «Жол-көлік оқиғалары – тек статистика емес, бұл – артында адам тағдыры тұрған үлкен трагедия. Жолдағы тәртіп пен жүргізушілердің мәдениеті – қоғамның құқықтық деңгейінің көрінісі. Мемлекет тарапынан бақылау ғана емес, азаматтардың жауапкершілігі де артуы керек» – деп атап өткен еді.

Түркістан облысында да жол-көлік оқиғаларының саны өсіп отыр. Облыс жолдарындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Полиция департаменті мен өзге де мемлекеттік мекемелер кешенді жұмыстар атқаруда. Бүгінгі таңда облыс бойынша күнделікті 290 патрульдік полиция қызметкері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған. Жыл соңына дейін апат жиі орын алатын аумақтарға қосымша 100 кешенді бейнебақылау құрылғысы орнатылып, 2 жылжымалы кешен іске қосылған. Сонымен қатар, жаңа оқу жылының басталуына орай облыстағы 2575 мектептің жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып жатыр. Бұл – балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды қадам.

Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерге қатысты да қатаң шаралар қабылданған. Мәселен, жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін 524 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылса, мас күйінде көлік жүргізген 605 азамат анықталып, сот шешімімен әкімшілік жазаға тартылған. Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Осы жолдардағы апатты учаскелер үнемі зерделеніп, қажет жерлерге бейнекамералар мен жылдамдықты тіркейтін құрылғылар орнатылып жатыр. 2025 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылатын жолдардың жалпы ұзындығы – 1241,5 шақырым. Оның 951,4 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Комиссия мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров жүргізушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесін де көтерді. Ол автомектептердің қызметін тексеріп, білім беру сапасы төмен орындардың лицензиясын қайтару мәселесін қарастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, республикалық жолдарда қолданылатын орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғыларды облыстық деңгейде енгізу бойынша нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Жиында қаралған үшінші мәселе – пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, оларды жұмыспен қамту болды. Бұл – әлеуметтік бейімделудің маңызды бөлігі. Осы бағытта облыс бойынша 42 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Жәрмеңкелер шалғай ауылдарды да қамтып, жылжымалы мансап орталықтары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Есепті кезеңде 522 азамат жұмыс сұрап, аудандық, қалалық мансап орталықтарына жүгінсе, 457-сі түрлі жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 249 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 86 адам қоғамдық жұмыстарға, 9 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 3 азамат жастар практикасы аясында жұмысқа жолданған.

Биылғы жылы бас бостандығынан айырылғандар қатарынан жұмысқа орналасуға 17 квота бөлінген. Қазіргі таңда осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында 29 азамат өтініш білдірген. Бұл – қылмыстың қайталануына жол бермеудің, әлеуметтік шиеленісті төмендетудің тиімді тетіктерінің бірі.

Кездесу соңында салық саласындағы құқықбұзушылықтар мен алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты да баяндамалар тыңдалып, құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берілді. Салық тәртібін сақтау – ел экономикасының тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Осыған байланысты жергілікті жерлерде тексеріс жұмыстары жүргізіліп, көлеңкелі экономиканың алдын алу бағытында жұмыстар жандандырылмақ.

Жалпы алғанда, Түркістан облысындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен заңдылықты нығайту бағытындағы бұл жиын – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Заң мен тәртіп – мызғымас қағида болуы керек. Әрбір азамат заңды құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге тиіс». Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, өңірде құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың заң алдындағы санасын арттыру бағытындағы шаралар жалғаса береді.


«Құқықтық мәдениет – жарқын болашақ кепілі»
Түркістан: Агроөнеркәсіпке 125 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу