Отбасының берекесі –сыйластық пен түсіністік
Түркістан қаласындағы «Балапан» және №31 балабақшада отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамда салауатты моральдық-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында полиция қызметкерлері арнайы кездесу өткізді. Бұл шара отбасы институтын нығайту, отбасы мүшелері арасында өзара құрмет пен түсіністікті арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде ұйымдастырылды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Кездесуге қатысқан тәртіп сақшылары тәрбиешілер мен ата-аналарға отбасындағы зорлық-зомбылықтың қоғамға тигізетін кері әсері жайлы кеңінен әңгімелеп, қандай жағдай болмасын күш көрсету – мәселенің шешімі емес екенін ашық айтты. Құқық қорғау органдарының өкілдері отбасылық даулар мен жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің маңызын ерекше атап өтті. Әсіресе, балалардың көзінше болған кез келген дау-жанжал олардың психологиялық дамуына ауыр салмақ түсіретінін алға тартты.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері әйел азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғанудың жолдары, заңмен қарастырылған құқықтары мен әлеуметтік қолдау тетіктері туралы жан-жақты түсіндірді. Олар зорлық-зомбылық құрбаны болған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына немесе сенім телефондарына жүгінуден қорықпау керектігін айтты. Бұл ретте полиция өкілі:
«Әрбір отбасының берекесі – өзара сыйластық пен түсіністікте. Зорлық-зомбылық көрсету ешқашан мәселенің шешімі бола алмайды. Біз сіздерге қиындық туған жағдайда полицияға немесе сенім телефондарына жүгінуден қорықпауды айтқымыз келеді», – деп атап өтті.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – қоғамда отбасылық құндылықтардың рөлін арттырып, зорлық-зомбылықты тек қылмыс ретінде ғана емес, сонымен қатар адамгершілікке жат әрекет ретінде бағалауға ықпал ету. Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тек жеке бір адамның емес, тұтас қоғамның мәселесіне айналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта бірнеше мәрте нақты тапсырмалар беріп, 2023 жылғы жолдауында:
"Зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын енгізу – мемлекет пен қоғамның басты міндеті болуы тиіс. Біз әйел мен баланың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек", – деп мәлімдеген болатын.
Президенттің осы тапсырмаларын орындау аясында Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерге қолдау көрсету бағытында нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Облыс көлемінде әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бұл мекемелерде әйелдер мен балаларға психологиялық және құқықтық көмек беріледі. Сондай-ақ, облыстық полиция департаменті жанынан арнайы сенім топтары құрылып, зорлық-зомбылық фактілері бойынша шұғыл әрекет ету тетіктері жетілдірілуде.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде тәртіп сақшылары мектепке дейінгі мекемелерге барып, алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуді қолға алған. Себебі зорлық-зомбылықтың алдын алуда ерте кезеңнен басталатын тәрбие, ата-аналардың құқықтық сауаты мен балаларға деген көзқарасы шешуші рөл атқарады.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері отбасындағы өзара қарым-қатынаста сабыр мен түсіністік таныту, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарау, дау-жанжалды шешудің құқықтық әрі бейбіт жолдарын таңдау – салауатты қоғам қалыптастырудың кепілі екенін айтты. Сонымен қатар, қатысушыларға жаднамалар таратылып, сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының байланыс нөмірлері ұсынылды.
Түркістан облысында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл – зорлық-зомбылыққа қарсы күресте тек заңмен шектеу қоюмен шектелмей, оның алдын алу, түсіндіру және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Халықтың құқықтық сауатын арттыру мен құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайту – қоғам қауіпсіздігінің берік іргетасы болмақ.