Шекара қауіпсіздігі –аса маңызды стратегиялық міндет

Oinet.kz 07-10-2025 15

8.jpg 

Түркістан облысы Келес ауданында мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етіп, кеңес жұмысына құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, сондай-ақ шекара қызметінің мамандары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Отырыстың негізгі мақсаты – шекаралас аймақтарда қоғамдық тәртіпті сақтау, шекара режимін бұзу оқиғаларының алдын алу және тиісті бақылау жүйесін одан әрі күшейту.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында мемлекеттік шекара бойында орын алуы мүмкін заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою, шекараны заңсыз кесіп өту мен контрабандалық жолмен тасымалданатын тауарларға қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында нақты ұсыныстар айтылды. Бұл ретте шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің тұтастығы үшін аса маңызды стратегиялық міндет болып қала береді.

Кеңес отырысында Келес және Сарыағаш аудандары бойынша Шекара басқармасының бастығы, полковник Асқар Болатов баяндама жасап, шекара маңында орналасқан елді мекендерде құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ол шекара маңындағы тұрғындардың белсенділігі мен ақпараттандырылғандығы мемлекеттік органдар үшін маңызды қолдау тетігіне айналатынын атап өтті. Шекаралас ауыл тұрғындарының құқықтық сауатын арттыру және заңсыз әрекеттерге қарсы тұру бағытындағы әріптестік – ел қауіпсіздігінің маңызды бір тармағы.

Отырыста аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. Оның айтуынша, шекара маңы аумағындағы тәртіп пен қауіпсіздікке тек арнайы қызмет өкілдері емес, ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар да тікелей жауапты. Жергілікті билік пен шекара қызметі бірлесе отырып, бақылау мен мониторингті күшейтіп, тұрғындармен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

– Шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің тұтастығы мен тұрақтылығының кепілі. Әрбір азамат, әрбір мекеме осы жауапкершілікті түсініп, мемлекет алдындағы міндетіне адал болуы тиіс, – деді Жәнібек Ағыбаев.

Жиында бейнебақылау жүйелерін орнату мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан басшысы елді мекендерде бақылау камераларын орнату орындарын нақтылау және оларды тиімді пайдалану бағытында ұсыныстар енгізу қажеттігін атап өтіп, тиісті мекемелерге осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұл – шекара маңындағы жағдайды бақылауды күшейтіп, заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін қажетті шара.

Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, 392-бап – «Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту» және 394-бап – «Көші-қонды заңсыз ұйымдастыру» бойынша жауапкершілік күшейтілген. Бұл баптар бойынша енді заң бұзушыларға қатаң жаза көзделіп отыр. Аталған қылмыстар ұлттық қауіпсіздікке төнетін тікелей қатер ретінде бағаланып, мемлекет тарапынан ерекше бақылауда.

Сонымен қатар жиын қатысушыларына 2023 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заңның 42-бабына сәйкес талаптар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Аталған бапқа сәйкес, шекара маңындағы елді мекендерде қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өткізу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің жергілікті бөлімшелеріне алдын ала хабар беру тәртібі сақталуы тиіс. Бұл – алдын алу шараларының сапасын арттырып, қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға бағытталған заңнамалық механизмдердің бірі.

Тәртіп пен заңдылықты сақтау – мемлекеттіліктің мызғымас негізі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында мемлекеттің тұрақтылығы мен ел ішіндегі қоғамдық келісімнің кепілі – заң үстемдігі екенін бірнеше рет атап көрсеткен. Оның: «Қауіпсіз әрі әділетті мемлекет құру – біздің ортақ міндетіміз» деген сөзі құқық қорғау органдары мен барлық мемлекеттік құрылымдардың қызметінің темірқазығына айналуы тиіс. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі таңда шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, трансшекаралық қылмыстармен, есірткі және қару-жарақ тасымалымен күресті күшейту – басым бағыт ретінде белгіленіп отыр.

Отырыс барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру мақсатында арнайы материалдарды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі форматтағы кездесулер өткізу ұсынылды. Бұл шаралар азаматтардың мемлекеттік шекараға қатысты заңнаманы түсініп, оны бұзудың салдарын сезінуіне сеп болмақ.

Кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы Келес ауданы әкімдігі мен шекара қызметінің тұрақты бақылауында болатыны атап өтілді. Мемлекеттік шекараның мызғымас болуы – тек арнайы құрылымдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сол арқылы еліміздің егемендігі мен қауіпсіз болашағы қамтамасыз етіледі.


Заңдылық пен тәртіп бәрінен жоғары тұруы қажет
Түркістан: SOS батырмаларының жұмысы тексерілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу