Сарыағаш: Жол апаттарының себеп-салдары зерделенуде
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын жетілдіру бағытында тұрақты түрде нақты шаралар қабылданып келеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аталған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, бірқатар дербес бөлім басшылары, сондай-ақ қала мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Комиссия отырысында күн тәртібіне бірнеше өзекті мәселе шығарылып, әр сала бойынша атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың барысы талқыланды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты мейлінше азайту – Мемлекет басшысының алға қойған басты талаптарының бірі. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылы күшейтіліп отыр. Жиында алғашқы болып көші-қон саласындағы заңбұзушылықтар және оларды болдырмау жолдарына қатысты мәселе қаралды. Бұл бағытта Сарыағаш аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Азамат Диханбаев пен жергілікті әкімдер баяндама жасап, нақты көрсеткіштер мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Соңғы уақытта көші-қон процестерімен байланысты құқықбұзушылықтар артып келеді. Бұл – өңірдегі демографиялық өзгерістер мен экономикалық қозғалыстың көрінісі. Сондықтан көші-қон қызметтерінің заң шеңберінде реттелуі, мигранттардың тіркеу тәртібі мен құжат айналымының бақылауда болуы маңызды. Осыған байланысты, тиісті сала өкілдері тарапынан құқықтық сауаттылықты арттыру, халықпен кері байланыс орнату бағытында ұсыныстар айтылып, профилактикалық жұмыстардың аясын кеңейту қажеттігі атап өтілді.
Күн тәртібіндегі келесі маңызды тақырып – жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі болды. Бұл ретте Сарыағаш аудандық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Тұяқов пен аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Тұрсынбаев баяндамалар жасап, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселені ерекше атап өткен болатын. Президент атап өткендей: «Жол апаттарынан қаза табатындар саны соғыс жағдайындағы адам шығынынан кем емес. Бұл – нағыз ұлттық трагедия. Сондықтан жол қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті барынша күшейту қажет», – деп, бұл саладағы жауапсыздықты қатаң сынға алған еді. Осы тапсырма аясында Сарыағаш ауданында да жол апаттарының себеп-салдарын зерделеу, қауіпті учаскелерге талдау жасау, бағдаршамдар мен жол белгілерінің жетіспеушілігін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілермен жеке профилактикалық әңгімелер өткізу, мектеп оқушылары арасында қауіпсіздік сабағын ұйымдастыру сынды шаралар қолға алынған.
Отырыс барысында қаралған тағы бір өзекті тақырып – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыс болды. Бұл мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасыны қолдау орталығы» КММ директоры Марат Тарахтиев баяндама жасады. Қоғамдағы зорлық-зомбылық фактілерін азайту – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғамның да ортақ міндеті.
Соңғы жылдары Түркістан облысында да бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Облыс аумағында гендерлік саясатты жүзеге асыру, зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау, оларды оңалту, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Қамқор», «Сенім», «Үміт» жобалары іске қосылған. Сонымен қатар, полиция департаменті жанынан арнайы мобильді топтар құрылып, зардап шеккен азаматтармен тәулік бойы байланыс орнату жұмыстары жолға қойылған.
Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты да өзінің нақты ұстанымын білдіріп, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын енгізу керек. Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуге тиіс», – деген болатын. Бұл талап барлық өңірлердегі әкімдер мен құзырлы органдарға зор жауапкершілік жүктейді.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер негізінде нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуді міндеттеді. Тәртіп сақшылары мен әкімдік құрылымдары арасында тығыз үйлестіру, дер кезінде ақпарат алмасу және әрбір дерекке дербес талдау жүргізу қажеттігі баса айтылды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу – мемлекеттің құқықтық мәдениетін қалыптастырудың негізгі тетігі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жергілікті деңгейде нақты нәтижесін беруге тиіс. Өйткені қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп – елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Жастар арасындағы құқықбұзушылықты тежеу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жол қозғалысындағы мәдениетті арттыру – тек статистика емес, бұл халықтың өмір сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды факторлар.