Тәртіп – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидаты және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама өңір басшылығының ұдайы бақылауында. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті апталық аппараттық жиында осы бағыттағы жұмыстар егжей-тегжейлі талқыланды. Жиын барысында өткен апта ішінде атқарылған жұмыстар туралы нақты деректер ұсынылды.
Өткен жеті күн ішінде облыс аумағындағы қала, аудан, елді мекендерде 201 ауқымды тазалық шарасы өткізілген. Бұл шараларға 57 654 тұрғын белсенді түрде қатысып, нәтижесінде 177 тоннадан астам түрлі тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылған. Мұндай көрсеткіштердің өзі облыс халқының экологиялық сана-сезімі жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, тазалық мәдениетін толық қалыптастыру үшін тұрақты насихат пен нақты шаралар қажет.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тазалыққа қатысты атқарылатын жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, қалалар мен аудандардың әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыс аумағында тазалық жұмыстары жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуі тиіс, – деген өңір басшысы барлық елді мекендерде санитарлық тазалық шараларын күшейтуді, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау үшін арнайы рейдтер ұйымдастыруды және оларды жою бойынша дереу әрекет етуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында қоғамдық тәртіп пен заңдылыққа қатысты нөлдік төзімділік қағидатын енгізудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл бастама қоғамда тәртіп пен тазалықты сақтауды күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналдырып отыр. Заңсыз әрекеттер мен немқұрайдылыққа жол берілмеуі тиіс. Тәртіп – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өткен аптада ұйымдастырылған «Таза жағалау» акциясы да – экологияны жақсарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, бұл акция аясында 7 110 мемлекеттік мекеме қызметкері және жергілікті тұрғын өз еркімен қатысып, 1 016,1 шақырым өзен жағалауын күл-қоқыстан тазартып шыққан. Іс-шара барысында 143 тонна қалдық жиналып, арнайы полигондарға жеткізілді. Аталған науқан тек тазалықпен шектелмей, табиғатқа жанашырлық пен ортақ жауапкершілік ұғымдарын сіңіруге де септігін тигізіп отыр.
Тазалық мәдениетін қалыптастыруда ақпараттық қолдау мен тұрғындармен кері байланыстың маңызы зор. Бұл мақсатта іске қосылған «TazaQazBot» жүйесі арқылы азаматтар экологиялық құқықбұзушылықтар туралы хабарлама жіберіп, нақты әрекетке түрткі болуда. Бүгінге дейін аталған жүйеге 3 104 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 3 192 өтінім орындалған (кейбір өтінімдер бірқатар бағытты қамтиды), 12-сі орындалу үстінде. Бұл тұрғындар белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында құқықтық шаралар да қолданылуда. Жыл басынан бері облыс аумағында қоғамдық орындарда санитарлық ережелерді бұзған азаматтарға қатысты 16 993 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 502,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 270,9 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген. Бұл деректер экологиялық тәртіпке немқұрайлы қарағандарға қатысты нақты шаралар қолданылып жатқанын айғақтайды.
Бақылау және мониторинг жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Апта сайын арнайы жұмыс тобы облыс аумағын аралап, рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарды анықтап отыр. Дегенмен, мұндай учаскелердің толық жойылмауы мәселесі әлі де өзекті. Әкімдіктерге бұл бағытта жұмыстарды күшейту қажеттігі тапсырылды. Әрбір елді мекенде тұрақты тазалық пен тәртіп орнату – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылуда.
Аппарат отырысында бұдан бөлек жылыту маусымына дайындық жұмыстары да талқыланды. Инженерлік инфрақұрылымдарды тексеру, әлеуметтік нысандарды отынмен қамту, қауіпсіздік шараларын пысықтау мәселелері қаралып, нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста салынып жатқан білім беру нысандарының құрылысы бойынша да есеп беріліп, жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажет екені ескертілді.
Облыс аумағында қоғамдық тәртіп, санитарлық жағдай және экология – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Мемлекет басшысының заң мен тәртіпті сақтау, халықпен тиімді байланыс орнату, азаматтық жауапкершілікті арттыру туралы тапсырмалары Түркістан өңірінде нақты іске асып келеді. Қалыптасқан тәжірибе мен нәтижелі жұмыстар бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін көрсетіп отыр.