«Оңтүстік ауыз су» филиалына ескерту берілді
Мемлекеттік сатып алуда стандарттар көрсетілмеген: «Оңтүстік ауыз су» филиалына ескерту берілді.
2025 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Оңтүстікауызсу» филиалы мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы бағалық ұсыныстарға сұраным тәсілімен мемлекеттік сатып алу жариялаған.
Аталған сатып алуға байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан камералдық бақылау жүргізілді. Бақылау барысында сатып алудың техникалық ерекшеліктері мен құжаттамаларында көрсетілген талаптар сараланып, заңнама нормаларына сәйкестігі жан-жақты зерделенген.
Камералдық бақылау нәтижесінде тапсырыс беруші тарапынан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының талаптары сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, техникалық ерекшелікте ұлттық немесе мемлекетаралық стандарттарға сілтеме берілмеген. Бұл өз кезегінде өнім сапасына, техникалық сипаттамаларына және сәйкестік құжаттарын ұсынуға қатысты нақты талаптардың болмауына әкеліп, әлеуетті өнім берушілер арасында түсініспеушілік тудыруы мүмкін.
Бекітілген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, техникалық ерекшеліктерде тиісті ұлттық немесе мемлекетаралық стандарттар міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, өнім беруші тарапынан тауардың стандарттар мен техникалық регламенттерге сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсыну шарты да болуы қажет.
Анықталған заңбұзушылық негізінде «Оңтүстік ауыз су» филиалына мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарына сәйкестендіру туралы ресми хабарлама жолданды. Қазіргі таңда аталған хабарламада көрсетілген ескертулер толық көлемде орындалып, сатып алу құжаттамасы тиісті талаптарға сай реттелді.
Бұл жағдай мемлекеттік сатып алуда техникалық реттеу талаптарын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Камералдық бақылау мемлекеттік қаражаттың заңға сай әрі тиімді жұмсалуына ықпал ететін маңызды тетік болып табылады.