Зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қалыптастыру қажет

Oinet.kz 17-09-2025 17

_gluster_2021_9_6_bd15c61fb09bbeaab0a5c245e032df26_original.66713.jpg 

Түркістан облысында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселесі құқық қорғау органдары мен халықаралық ұйымдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында ерекше назарға алынып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастамашы болып, арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының халықтың қоныстану қоры (ЮНФПА) атынан программалық аналитик Молдакулова Газиза Мухамедиқызы мен гендерлік зорлық-зомбылық мәселелері бойынша сарапшы маман Сабитова Сағадат Ташболатқызы қатысты. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері мен жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері де осы маңызды кездесуге тартылды. Шара аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар, халықаралық тәжірибе мен жергілікті ерекшеліктер ескеріле отырып атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.

Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқықтық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік, психологиялық және мәдени аспектілерді қамтитын күрделі үдеріс. Бүгінгі таңда әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың көпшілігі дер кезінде назардан тыс қалып жатады. Сондықтан әрбір өтініш пен дабылға бей-жай қарамай, мәселеге жан-жақты талдау жасау аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, полиция бөлімінің қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп келеді. Президент өз Жолдауында: «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық – адамгершілікке жат, кешірілмейтін қылмыс. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге мүлдем төзбеуі керек. Әрбір факт жіті тексеріліп, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс. Заң – бәріне ортақ. Біз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет», – деп атап көрсеткен болатын.

Осы бағытта Түркістан облыстық Полиция департаменті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Құқық бұзушылықтармен күресу ғана емес, олардың алдын алу – бүгінгі күннің негізгі міндетіне айналды. Мамандардың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың түп-тамыры көбіне психологиялық және әлеуметтік тұрақсыздықта жатыр. Сондықтан тек жазалау емес, алдын алу, түсіндіру, сауаттандыру, әлеуметтік қолдау сынды кешенді амалдар қажет.

Дөңгелек үстел барысында халықаралық тәжірибеге негізделген ұсыныстар айтылып, Қазақстандағы заңнамалық реформалардың бағыты сөз болды. БҰҰ сарапшылары елімізде қабылданып жатқан шараларды оң бағалай келе, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық сипатта тану бастамасының маңызын атап өтті. Бұл – жәбірленушінің құқығын қорғап, құқық бұзушыны нақты жауапкершілікке тартудың тиімді тетігі.

Сонымен қатар отырыста қызметкерлерге нақты нұсқаулықтар мен ұсынымдар берілді. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген жағдайда әрбір жағдайға жеке қарау, қауіп-қатерді бағалау, жәбірленушіге психологиялық қолдау көрсету, уақытылы қорғау нұсқамаларын беру, дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыста болу – бұның бәрі құқық қорғау органдары үшін міндетке айналуы тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау саласын реформалауға қатысты: «Заң мен тәртіп – әділдік пен тұрақтылықтың тірегі. Қылмысқа, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу – қоғамның даму деңгейін көрсететін өлшем болуы керек. Полицейлер халықтың қорғаушысы болуы тиіс. Бұл – жай ұран емес, бұл – мемлекет алдындағы нақты міндет», – деп атап көрсеткен болатын.

Осыған сәйкес Түркістан облысы бойынша да бұл салада жүйелі бақылау орнатылып, бөлім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында шаралар қабылданып отыр. Жергілікті деңгейде жедел әрекет ету топтары құрылып, әрбір аудан мен қалада осы сипаттағы қылмыстарға ден қою деңгейі арттырылуда. Әсіресе, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау жүйесінің басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген.

Жиын барысында сөз алған сарапшылар құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен халықпен кері байланыс орната білуі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы негізгі құрал екенін атап өтті. Бұл ретте қоғаммен ашық диалог жүргізу, сенім ортасын қалыптастыру, жәбірленушілерге құқықтық көмекпен қатар, адами қолдау көрсету маңызды екені айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беріліп, барлық деңгейдегі учаскелік инспекторлар мен профилактикалық есепте тұрған азаматтарға бақылау күшейтілетіні айтылды. Сонымен қатар, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, зорлық-зомбылық туралы үнсіз қалмау мәдениетін қалыптастыру қажеттігі баса айтылды.

Отбасылық қауіпсіздік – елдің қауіпсіздігінің негізі. Ал оны сақтау – бүкіл қоғамның, соның ішінде полиция органдарының басты борышы. Заң үстемдігі мен адам құқығы – мемлекеттің дамуындағы ең басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.


Түркістан: «Қауіпсіз жол» шарасы өтіп жатыр
Түркістан: Рейд кезінде 69 қылмыс ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу