«Заң мен тәртіп» –маңызды құндылық

Oinet.kz 06-09-2025 18

8.jpg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бірнеше мәрте мемлекеттік қолдаудың әділдігі мен заңдылықтың үстемдігі мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент атап өткендей, "Әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандар ғана алуы керек. Қоғамда әділетсіздікке жол берілсе, мемлекеттік саясатқа деген сенім азаяды. Сондықтан заң мен тәртіп – мемлекеттің тірегі ғана емес, әрбір азамат үшін маңызды құндылық болуы тиіс".

Бұл қағидат бүгінгі күні еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының жұмысында нақты әрекет жоспары ретінде көрініс табуда.

Түркістан облысында прокуратура органдары атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлеу барысындағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде, бірқатар алаяқтық фактілерін анықтады. Прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру барысында 86 отбасының атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз алып келгені белгілі болды. Бұл әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген тікелей қаржылық шығын көлемі 17 миллион теңгеден асты.

Талдау жұмыстары барысында өтініш берген кейбір отбасылардың бір ғана мекенжайды көрсеткені белгілі болды. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір пәтерде бірнеше жалған отбасы тіркеліп, заңсыз төлемдерге қол жеткізген. Бұл – мемлекет тарапынан бөлініп отырған қаржы ресурстарының мақсатсыз жұмсалуына әкеп соқтырған.

Бұдан бөлек, 56 өтініш бойынша әлеуметтік жағдайды бағалау актілерінде жалған деректер көрсетілген. Бұл құжаттар негізінде 9,7 млн теңге көлемінде заңсыз төлем жүргізілген. Мұндай жағдайлар тек әлеуметтік әділеттілікке нұқсан келтіріп қоймай, көмекке шын мұқтаж азаматтардың құқықтарын да шектейді. Бұл әрекеттер кейбір мемлекеттік қызметшілердің немқұрайлылығы немесе жауапсыздығы салдарынан орын алғаны да жоққа шығарылмайды.

Сонымен қатар, прокурорлардың мәліметінше, 22 отбасы өздеріне тиесілі мүлікті (автокөлік, жер телімдері және т.б.) жасырып, өздерін табыссыз немесе мүліксіз етіп көрсеткен. Ал 13 отбасы жалпы табысын мүлде көрсетпей, әлеуметтік көмек алу үшін жалған ақпарат берген. Мұндай деректер әлеуметтік көмек жүйесін пайдаланудағы олқылықтарды көрсетіп отыр.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан тиісті әкімдікке заңдылықты қалпына келтіру және келтірілген залалды өтеу жөнінде ұсыныс енгізілді. Ұсыныс негізінде жалпы көлемі 36 миллион теңгеден астам қаржыны мемлекет бюджетіне қайтару көзделуде. Қазіргі таңда әкімдік аталған актіні қарап, заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған нақты шараларды қолға алған.

Бұл жағдай халық арасында әлеуметтік әділеттілік пен сенімділікті сақтау тұрғысынан маңызды. Себебі әлеуметтік көмек – бұл мемлекет тарапынан шынайы қиын жағдайда қалған азаматтарға берілетін нақты қолдау. Ал оның заңсыз берілуі – бұл жүйеге деген сенімнің әлсіреуіне, қоғамда әділетсіздік сезімінің артуына себеп болады.

Сондықтан Түркістан облысы прокуратурасының бұл бағыттағы жұмысы – заң мен тәртіпті сақтау арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам. Мұндай тексерістер мен нақты нәтижелер қоғамдағы заңбұзушылықты азайтуға, мемлекеттік бағдарламалардың шынайы мұқтаж жандарға бағытталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бұл жайт мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Әлеуметтік көмек тағайындайтын комиссиялар мен жауапты қызметкерлердің жұмысын жетілдіру, мәліметтерді автоматты түрде тексеру, цифрлық бақылау механизмдерін енгізу – болашақта мұндай заңбұзушылықтарға тосқауыл қоюдың тиімді жолы болуы тиіс.

Қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнату тек полиция немесе прокуратураның ғана емес, барлық мемлекеттік құрылымдардың ортақ міндетіне айналуы қажет. Әсіресе, әлеуметтік саладағы әділеттілік – мемлекеттің гуманистік сипатының көрінісі. Түркістан облысында анықталған заңбұзушылықтар мен оларды жоюға бағытталған шаралар осы бағыттағы жауапты және жүйелі жұмыстың қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

 

 


«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу