Зорлық-зомбылық – қоғамдық дерт
Түркістан қаласында қазіргі таңда отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сонымен қатар әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта республика көлемінде қолға алынған «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы аясында Түркістан қаласы аумағында да бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында отбасылық құндылықтарды сақтау мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне бірнеше рет ерекше тоқталған болатын. Президент атап өткендей, «Біздің қоғамда әйел мен баланың қауіпсіздігі – мемлекет үшін басымдыққа ие. Зорлық-зомбылық – тек жеке мәселе емес, бұл – қоғамдық дерт. Онымен бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет». Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында осы бағытта кешенді алдын алу шаралары жүзеге асырылуда.
Жақында Түркістан қалалық полиция басқармасы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторлары мен Отбасын қолдау орталығының кәсіби психолог мамандары бірлесіп, дөңгелек үстел форматында маңызды іс-шара өткізді. Бұл басқосуға Түркістан облысы Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің мамандары мен тәжірибелі психологтар қатысты.
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараның басты мақсаты – әйелдер мен отбасы мүшелеріне құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ бұл мәселеге қоғам назарын аудару. Жиын барысында “Зорлық-зомбылықтан қалай қорғануға болады?” деген тақырыпта тренинг ұйымдастырылып, нақты өмірлік жағдайлар арқылы қауіптен қорғану жолдары, заң көмегін алу тәсілдері және психологиялық тұрақтылықты сақтау әдістері түсіндірілді.
Тренингке қатысқан әйелдер мамандардың қолдауын сезініп, өз ойларын ашық айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Психологтар отбасындағы психоэмоционалдық қысымның белгілері, күйзеліс жағдайларын басқару және өзін-өзі қорғау тәсілдерін егжей-тегжейлі талдап берді. Шара барысында 25 әйелге құқықтық кеңес беріліп, 20-ға жуық азаматшаға кәсіби психологиялық көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған арнайы сауалнама жүргізіліп, 400-ге жуық тұрғын онлайн форматта өз пікірлерін білдірді. Бұл сауалнамалар қоғамның аталған мәселеге деген көзқарасын, оның таралу деңгейін анықтауға сеп болды. Сонымен бірге, тұрғындар арасында 550-ден астам ақпараттық үнпарақ пен жадынама таратылып, онда зорлық-зомбылықтан қорғану жолдары, құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі, сенім телефондары және басқа да маңызды мәліметтер қамтылды.
Аймақта отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бағытында нақты нәтижелер беріп жатқан жобалар мен механизмдер де жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Түркістан облысында әр аудан мен қалада Отбасын қолдау орталықтары құрылып, ондағы мамандар құқық бұзушылықтың алдын алу және отбасындағы дағдарыс жағдайларын шешуге белсене атсалысуда. 2024 жылдың өзінде облыс бойынша 1000-нан астам әйел мен бала психологиялық қолдау және кеңес алу үшін орталықтарға жүгінген.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері тіркелген жағдайда, полиция қызметкерлері бірден жедел әрекет етіп, “қорғау нұсқамасы” рәсімделіп, қайталанатын зорлық әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған “Бақытты отбасы” жобасының тетіктері қолданылады. Бұл – зардап шегушіні агрессордан оқшаулау, оларға уақытша баспана мен қолдау көрсету, әрі қарайғы оңалту шараларын қолға алу арқылы іске асады.
Түркістан облысында әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне, отбасы институтының дамуына қатысты қолға алынған шаралар – еліміздің құқықтық, әлеуметтік және гуманистік даму бағытының айқын көрінісі. Мұндай дөңгелек үстелдер мен ашық форматтағы кездесулер азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамның белсенділігін арттырады. Жүйелі әрі бірлескен жұмыс арқылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.