TURKTAV Астанада өткен IFLA конгресінде түркі әлемінің дауысына айналды
Астана қаласында Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының (IFLA) 89-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтіп жатыр.
Орталық Азия тарихында алғаш рет мұндай ауқымды шара Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. «Білімді біріктіре отырып – болашақты құрамыз» ұранымен өткен форумға әлемнің 114 елінен 1600-ден астам делегат жиналған.
Әлем кітапханашыларының басты оқиғасы саналатын бұл конгресс саланың стратегиялық даму бағыттарын айқындауға, қоғамдағы кітапханалардың рөлін арттыруға, сондай-ақ білімді сақтау мен таратудың жаңа технологияларын енгізуге бағытталған.
Форум аясында кітапханалардың цифрлық кеңістікке бейімделуі ерекше назарға алынды. Жасанды интеллект, автоматтандыру және электрондық басқару жүйелерінің дамуы кітапханаларға жаңа талаптар жүктеп отыр. Қазіргі уақытта кітапханалар тек құжаттық мұраны сақтайтын орын ғана емес, сонымен бірге цифрлық коллекциялар мен виртуалды архивтерді қалыптастыратын орталықтарға айналуда.
Форум қатысушылары арасында Түркі тарихы мен мәдениеті қоры – TURKTAV айрықша орын алған. Қор «Отырар» және «Turcology» халықаралық электронды кітапханаларын ұсынып, түркі халықтарының деректі мұрасын біріктіруді көздейді. TURKTAV-тың қызметі мәдени мұраны сақтау мен байытуға, сирек еңбектердің цифрлық коллекцияларын қалыптастыруға және бірыңғай білім кеңістігін құруға бағытталған.
Сонымен қатар қор кітап шығару ісімен, заманауи түркі әлемінің көрнекті өкілдерінің еңбектерін аударумен, көрмелер ұйымдастырумен, сондай-ақ технологияларды дамытумен айналысады. Бұл бағыттар сирек әдеби жәдігерлерге қолжетімділікті қамтамасыз етіп, басылымдармен алмасуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, тағылымдамалар мен кәсіби турлар ұйымдастыруға жол ашады. TURKTAV қорының конгреске қатысуы түркі әлемінің халықаралық мәдени және білім беру диалогындағы өсіп келе жатқан рөлін айқындай түсті.
«Конгресс тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Ол кітапхана саласындағы үздік тәжірибелерді жинақтап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кітапхана – тек кітаптар жиынтығы ғана емес, ол – мемлекеттің және ұлттың жадын сақтайтын, ұлттық бірегейлікті нығайтатын әрі тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Жалпы біздің қордың, елшіліктердің, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың, жетекші университеттер мен ғылыми институттардың конгреске қатысуы шараға айрықша мән беріп, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік туғызды. Конгресті ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан Қазақстан ЖОО кітапханалары қауымдастығына алғысымды білдіремін», – деді TURKTAV қорының атқарушы директоры Әсел Лахаева.
Бүгінде ақпарат саласында қарқынды өзгерістер орын алып жатқан кезеңде IFLA өзінің әлемдік кітапханалық қауымдастықтағы жетекші ұйым ретіндегі ұстанымын тағы да дәлелдеп отыр. Астанада өткен бұл конгресс кітапханалардың болашағы – дәстүр мен инновацияның, ұлттық жад пен жаһандық білімнің тоғысында екенін көрсетті. Қазақстан осы үдерістің белсенді қатысушысына айналып, мәдениет, ғылым және технология саласындағы халықаралық диалог үшін жаңа алаң қалыптастыруда.