Күн тәртібінде—заңсыздықпен күрес

Oinet.kz 03-08-2025 28

3.jpg 

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланумен күрес күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде жан-жақты талқылау өтіп, нақты тапсырмалар берілді. Өңірде пайдалы қазбаларды заң аясында өндіріп, ел игілігіне бағыттауға, ал заң талаптарын елемеген кәсіпкерлердің іс-әрекетіне тосқауыл қоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі таңда облыста жер қойнауын пайдаланушы ретінде тіркелген 198 нысан бар. Оның ішінде 74-і келісімшарт негізінде, ал 124-і лицензиямен жұмыс істейді. Дегенмен, бұл салада заңбұзушылықтар аз емес. Жауапты басқарма мен құзырлы органдардың тексеруі нәтижесінде заң талаптарын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушы анықталып, олардың қызметі тоқтатылды.

Облыс әкімі бұл жағдайды ерекше назарға алып, мәжіліс барысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді:

«Заң талабын сақтамаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алуды тапсырамын. Рейд тоқтамауы тиіс. Тексеріңіздер. Экологиялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Бірлесе жұмыс істеңіздер. Бұл мәселелер тұрақты қадағалауда болады», – деді Нұралхан Көшеров.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" құру жөніндегі бағыты – заң үстемдігін қамтамасыз етуге негізделген. Мемлекет басшысы өз сөздерінде: «Заң және тәртіп – ел дамуының басты кепілі. Тәртіп пен әділет салтанат құрған қоғамда ғана нағыз жаңғыру болады» деп атап өткен болатын. Бұл ұстаным Түркістан өңіріндегі жер қойнауын заңсыз пайдаланумен күрестегі басты бағдарға айналуда.

Бүгінде облыс аумағында пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз жұмыс істеген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару процесі де белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушыдан жалпы көлемі 35 мың гектар болатын жер телімі мемлекет балансына қайтарылды. Бұл – табиғи ресурстарды тиімді әрі заң аясында игеруге жасалған маңызды қадам.

Мәжілісте Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов баяндама жасап, заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерінің жиі кездесетін аумақтарын атап өтті. Атап айтқанда, Арыс, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран, сондай-ақ Кентау қаласы аумағында бұл бағыттағы заңбұзушылықтар тоқтамай отыр.

Мәселен, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылдық округі маңында заңсыз барит қазу дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ Келес ауданындағы Келес өзенінің жағасын заңсыз қазу, жайылымдық жерге өндірілген өнімдерді жинақтап, сатылымға шығару жағдайлары тіркелді. Мұндай әрекеттер ауыл шаруашылығына зиян келтіріп қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті бұзуға себеп болып отыр.

Жалпы облыс көлемінде ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, рұқсатсыз құм немесе басқа да пайдалы қазбаларды қазу, заңсыз саудалау фактілері жиі анықталуда. Құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қолға алынып, тексерістер күшейтілді.

Мәжіліске қатысқан Түркістан облысының табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев осы бағыттағы жұмыстардың барысын баяндады. Оның айтуынша, кейбір аумақтарда заңсыз әрекеттер тоқтамай отырғандықтан, прокуратура мен басқарма арнайы техникалық құралдарды – атап айтқанда, дрон құрылғыларын пайдалана бастаған. Анықталған фактілер бойынша бейнематериалдар құқық қорғау органдарына жолданып, жүк көліктері айыптұрақтарға қойылған.

Бұдан бөлек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне арнайы ұсыныс хат жолданды. Онда кең таралған пайдалы қазбаларды өндірушілердің келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерін орындамауы себепті олардың жауапкершілігін арттыру үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді. Бұл заңнамалық бастама саладағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Мәжіліс барысында тағы бір маңызды ұсыныс көтерілді – аудан, қала, ауыл аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз сату орындарын жою, сондай-ақ заңсыз өндіріс орындары тіркелген жағдайда, сол аумақтағы әкімдер мен учаскелік полиция инспекторларының жауапкершілігін қарау. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесінде есептілік пен бақылау мәдениетін қалыптастыруға арналған нақты қадам.

Сондай-ақ жұмыс тобы жүргізетін рейдтер кезінде полиция департаментінің жедел әрекет ететін арнайы жасақ сарбаздарын тұрақты түрде тарту қажеттігі айтылып, бұл тапсырма да хаттамаға енгізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Біз заң үстемдігін нығайтпай, нағыз әділетті қоғам құрамыз деп айта алмаймыз. Бұл – мемлекеттіліктің өзегі», – деген еді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы қабылданып жатқан шаралар – ұлттық заңнама мен мемлекетшілдік қағидатын берік ұстанудың көрінісі.

Алдағы уақытта облыс әкімдігі мен құзырлы органдар бірлесіп, заңсыз пайдалы қазба өндіру фактілерінің алдын алу, қоғамның осы мәселеге деген назарын арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жалғастыра бермек.


Өз ісін кеңейтуге ниетті кәсіпкерлерге қолдау көп
Зорлық-зомбылық --қоғамның ортақ проблемасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу