«Тәртіпке бағынған құл болмайды»
«Тәртіпке бағынған құл болмайды». Шардара су қоймасы маңындағы туристік нысандарда қауіпсіздік пен тазалық мәселесі күшейтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Осы бағытта облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Шардара су қоймасының маңында орналасқан демалыс аймақтарын аралап, жағажайлардағы қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылымның жағдайы және тазалық талаптарының орындалуын тексерді. Ол санитарлық жағдайды жақсарту, қауіпсіздікті күшейту және келушілерге қолайлы орта қалыптастыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жазғы демалыс кезеңінде су қоймасы маңындағы жағажайлар мен демалыс орындары халықтың жиі баратын нүктесіне айналған. Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеров санитарлық талаптарды сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алу қажеттігін атап өтті. Ол жуырда аймаққа арнайы барып, жағажайлардың жалпы жағдайымен танысып қайтты. Аталған тапсырма аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан нақты жұмыстар қолға алынып, сала жетекшілері тарапынан туристік нысандарды аралау, қызмет сапасын бағалау, кемшіліктерді анықтап, оларды жою бойынша шаралар атқарылуда.
Жағажай иелері мен кәсіпкерлерге анықталған кемшіліктер бойынша сын-ескертпелер айтылып, талапқа сай жұмыс жүргізу міндеттелді. Тазалық пен қауіпсіздік талаптарын орындамағандарға қатысты заң аясында шаралар қолданылып жатыр. Сонымен қатар, суға тым жақын орналасқан сәкілерді қауіпсіз қашықтыққа – 50 метрге дейін алыстату, көлік қозғалысын шектеу, автотұрақты жүйелеу және құтқарушылар санын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Шардара су қоймасы маңындағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында рейдтік іс-шаралар күшейтілді. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күнделікті жағажай аумағында тексеру жүргізіп, заңбұзушылық деректерін тіркеуде. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2 бабының 1 және 2-бөліктері бойынша 15 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен бірге, 505-баптың 1-бөлігімен екі демалыс аймағы басшыларына абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігі бойынша 28 құқық бұзушылық анықталып, соның ішінде 5 автокөлік айыптұраққа қойылды. Жалпы бір тәулік ішінде 45 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, оларға қатысты тиісті шаралар қолданылды.
Тәртіп сақшылары мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан “нөлдік төзімділік” қағидасы аясында да белсенді жұмыстар атқарылып келеді. Бұл принципке сәйкес, кез келген құқық бұзушылыққа, соның ішінде қоғамдық орындарда тәртіп бұзуға, қоқыс тастауға, рұқсатсыз сауда жасауға, көлік құралдарын рұқсат етілмеген жерлерге қоюға, алкогольдік ішімдіктер ішуге немесе ішімдікпен жүруге – мейлі ол ұсақ бұзушылық болса да – төзімділік танытылмайды. Қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар дереу әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
Шардара су қоймасының айналасындағы жазғы демалыс орындары бүгінде облыстың туристік әлеуетін арттырудың нақты көрсеткіші болып отыр. Осыған орай жағажай аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Құтқарушылардың саны көбейіп, суға шомылатын аймақта кезекшіліктер енгізілді. Сонымен қатар, көліктердің қозғалысы шектеліп, демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Суға жақын орналасқан сәкілер қауіпсіздік талаптарына сәйкес ауыстырылып, шомылу аймағы кеңейтіліп, толықтай тазартылды.
Зұлпыхар Жолдасов жағажай маңындағы демалыс орындарын аралап, жауапты сала өкілдері мен кәсіпкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Ол демалушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалуы керектігін, соның ішінде жуынатын орын, санитарлық тораптар, тазалық шаралары және көлеңкелі аймақтардың талапқа сай ұйымдастырылуын міндеттеді.
Айта кету керек, облыс әкімдігі тарапынан бұл жұмыстар қатаң бақылауға алынып, жазғы шомылу маусымы бойы тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Әкімдік пен құқық қорғау органдарының бірлескен әрекеті – өңірдегі туризм инфрақұрылымын жақсартуға, қызмет сапасын арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жағажайларды тұрғындар үшін ыңғайлы демалыс аймағына айналдыруға бағытталған.
Түркістан облысы – еліміздің рухани ғана емес, туризм саласы бойынша да әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Шардара ауданының жағалауы туристердің қызығушылығын тудырып қана қоймай, экономикалық белсенділік орталығына айналуда. Сондықтан мұндағы табиғи және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тазалық пен тәртіпті сақтау – тек билік емес, барша азаматтардың ортақ міндеті.