Шымкент қаласындағы чай өндірісіндегі жетекші компания – «Beta International» ЖШС
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жазылған ақпаратқа сүйеніп айтар болсақ, Шымкент қаласындағы Beta International» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі шай өнімдерін өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі.
Бұл кәсіпорында «Вета чай», «Чемпион» шайы және 3/1 форматындағы кофе секілді түрлі өнімдер шығарады.
Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардағы өнеркәсіп ошақтарын аралау барысында Еңбекші ауданындағы «Beta international» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шай құрамын қалыптастыру және шығару өндірістік желісімен танысқан болатын. «Shymkent Invest – Front Office» инвестиция тарту және инвесторларды қолдау орталығының бас директоры Дінмұхаммед Әбдірбекұлының айтуынша, өндіріс ошағының бір айдағы қуаттылығы 300 тоннаны құрайды. Серіктестік 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында елдегі өнеркәсіп ошақтарын көптеп ашып, инвесторларға барынша қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Бүгінгі күні Шымкент қаласында өнім өндіріп, өңірдің экономикасын арттыруға үлес қосып отырған өндіріс ошақтары аз емес. Соның бірі – осы бүгін жұмысымен жақынырақ танысып отырған Beta International» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өндіріс ошағы бүгінгі күні шаһардың 150 адамын жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Алда өндіріс көлемін арттырып қана қоймай шет мемлекеттерге экспорттауды да жоспарлап отыр екен. Мұндай өндіріс ошақтарының қаламызда көптеп ашылғаны қуанарлық жағдай, – дей келіп, қала әкімі мұндағы өндіріс көлемін арттыруды тапсырды.
Компания өкілдерінің де жоспары осыған сай келеді. Атап айтқанда, серіктестік алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс көлемін арттыра түсуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын құру да көзделген. Жалпы бұл кәсіпорын Шымкент қаласының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруда, сондай-ақ ішкі нарықты қамту және экспорттық бағытты дамытуда маңызды рөл атқарып отыр.
«Shymkent Invest – Front Office» инвестиция тарту және инвесторларды қолдау орталығының бас директоры Дінмұхаммед Әбдірбекұлы шаһардағы «Beta International» жауапкершілігі серіктестігі бүгінгі күні өнімін ел көлемінде таратып отырғанын жеткізді. Оның әр облыста тұрақты алушылары бар. Көптеген сауда желілерімен байланыс орнатқан компания бүгінгі күні өнім өткеруден қиындық көріп отырған жоқ. Серіктестікте өндірілген өнім ел бойында үлкен сұранысқа ие екенін айтуда компания өкілдері бізге берген сұқбатында.