«Таза Қазақстан» құқықтық мәдениетті қалыптастыруда
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бұл азаматтардың құқық пен заңдарға құрметпен қарауын, құқықтық нормаларды түсініп, оларды саналы түрде орындауын қамтамасыз етуге бағытталған күрделі әрі ұзақ үдеріс. Бұл үдеріс қоғамның құқықтық санасын дамыту, құқықтық білім беру және құқық үстемдігін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – бұл бүкіл қоғамның бірлескен ісі. Әрбір адам өзінен бастап, заңды білуге, құрметтеуге және сақтауға ұмтылғанда ғана құқықтық мемлекет қалыптасады. Бұл – демократиялық, әділетті және өркениетті қоғам құрудың негізгі шарты. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында осы құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде, жергілікті полиция қызметінің полицейлерімен белгіленбеген орындарға қоқыс шығару, жалпы пайдалану орындарын абаттандыру қағидаларын бұзу жайттарының 11 440 дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде, жалпы пайдалану орындарын ластаған 9406 азаматқа және абаттандыру ережелерін бұзған 2034 тұрғынға шара көрілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, Отырар ауданы аумағында орналасқан қоқыс полигонын тексеру кезінде жазық далада коммуналдық қалдықтар шашылып жатқаны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты құжаттар жинақталып, тиісті шара көру үшін Экология департаментіне жолданды.
Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында заңнаманы бұзу фактілеріне тосқауыл қоюға, сондай-ақ елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыруға бағытталған.