Мақсат—қоғам қауіпсіздігі, ел тыныштығы
Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бүгінде ел тыныштығының, қоғам қауіпсіздігінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, жат ағымдарға қарсы үгіт-насихат жүргізу, жас ұрпақты оның қаупінен сақтандыру маңызды мәселе.
Осы мақсаттағы жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін әрбір облыс әкімдігінің жанынан терроризмге қарсы күрес комиссиялары құрылған. Жуырда Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен осы комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға облыстық терроризмге қарсы комиссияның мүшелері мен құзырлы органдардың басшылары, тиісті департаменттердің басшылары және аудан, қала әкімдері қатысты.
Комиссияның белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес, терроризм мен экстремизмнің алдын алу шараларын ұйымдастыру барысындағы өзекті мәселелер туралы тиісті мемлекеттік органдар мен қала, аудандағы жауапты тұлғалардың есебі тыңдалып, оңтайлы шешімдер мен жүйелі шараларды үйлестіру мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, қазіргі таңдағы жастардың жат ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастыру, кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі мәселелері сөз болды. Сонымен бірге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың жолдары талқыланды.
Тәуекел топтар арасында профилактикалық шараларды жандандыру және ДДА идеологиясына қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру мәселесі және оны шешу жолдары да сарапталды.
Мәжіліс соңында мемлекеттік органдармен жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстар мен талдау нәтижелерінің облыс аумағындағы ахуалдың тұрақтылығына әсері баяндалды. Жоспарлар бекітіліп, жауаптыларға міндеттер жүктелді.
Айта кетері, бүгінгі күні елімізде азаматтық қоғамның, саяси құрылымдардың және құқық қорғау органдарының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қоғам» жобасы іске асуда. Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп – баршаға ортақ мақсат. Әділетті, қауіпсіз қоғамды құру саяси-экономикалық, құқықтық реформалар жасаумен шектелмейді. Өйткені басталған өзгерістердің өрісті болуы үшін ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Әділетті қоғам – бәріміз және әрқайсымыз үшін қауіпсіз болмағын санамызбен саралап, түйсінбейінше, жүрегімізбен сезініп, қабылдамайынша басқа істің бәрі бекер. Әркім өзінің жан дүниесін ақтарып, трансформациядан өтіп барып, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудағы мақсатты жолдан табыла алады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қауіпсіз қоғам» қағаздағы міндеттердің тізімі ғана емес, бұл – ең алдымен болашаққа қамқорлық, яғни ертеңіміз өркенді, өрісті, сәулетті болсын десек, әрбір азамат, әсіресе жастар халқымыздың ең жақсы қасиеттерін бойына сіңіруі қажет.