Түркістан: Жәрмеңкеде 150-ден астам жұмыс орны ұсынылды

Oinet.kz 21-08-2024 47

 10.jpg 

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Самғау» оңалту орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен өткен шарада көпшілікке 150-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Мамандар Сауран ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Абзал Қазанқапов жәрмеңкеге 250-ден астам адам қатысқанын жеткізді.

«Самғау» оңалту орталығы толық іске қосылғанда медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдары жұмысқа қабылданатын болады. Жалпы 200 орындық нысан 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша, қызметкерлер құрамы іріктеліп, орталықтың ресми ашылуы қазан айына жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістан облысында 99 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 мыңнан астамы - ересектер болса, 15 мыңы - балалар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны - 34 370 адам. Облыстық басқармаға қарасты стационарлық және жартылай стационарлық жағдайдағы, сондай-ақ бейімдеу және сауықтыру, жұмыспен қамту бағытында жалпы 14 мекеме жұмыс істейді. Қазіргі таңда Сауран ауданының Ораңғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылдың І тоқсанында пайдалануға тапсыру көзделген.


Түркістан: 200 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылады
Түркістан әуежайында 3 халықаралық рейс қатынайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу