Жетісай: Жол құрылысына 1,9 миллиард бөлінді
Елімізде 2021 жылы қабылданған «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында ауқымды шаралар қолға алынып отыр. Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды. Ұлттық жобаны іске асырудың әлеуметтік әсері инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу (сумен жабдықтау, су бұру, жолдар, газбен, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау) және тұрғын үй мәселелерін шешу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей байланысты. Ұлттық жобаның екінші бағыты көліктік байланыстылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл Жетісай ауданында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор мен облыстық, аудандық бюджеттің есебінен 1 млрд 983,5 млн теңге қаржы қаралған. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес, аудандағы ішкі жолдарға төселіп жатқан жолдардың сапасы басты назарға алынған.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, аталған қаржы есебінен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Атамекен, Қызылқұм, Арай, Сейфуллин, Сұлубұлақ елді мекендерінде жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жергілікті бюджет және субвенция есебінен жалпы ұзындығы 26,5 шақырымдық құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Одан бөлек, жалпы ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге жөндеу және тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, қоғамдық көлікті субсидиялау үшін автомобиль жолдарын күтіп ұстау, бағдаршам мен бейнебақылау камераларын орнатуға ЖСҚ әзірлеу жұмыстарына қаржы қаралған.
Айта кетсек, өткен жылы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қордан, облыстық және жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 65,7 шақырымды құрайтын 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.