Шардара: Табиғи газдың көрсеткіші 98 пайызға жетпек
Қазақстанда азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын.
Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Бұл оларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Өйткені олар ұлттық жоба аясында бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие болады. Аталған межеге қол жеткізу үшін Түркістан облысында ауқымды жобалар іске асуда.
Мәселен Шардара ауданындағы 10 ауылдық округте орналасқан 25 елді мекеннің 10-ы, Шардара қаласының 10 мөлтек ауданы көгілдір отынмен қамтылып, аудан тұрғындарының 78 пайызы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 98 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Шардара ауданындағы Ұзын ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу және Қоссейіт елді мекендері мен Шардара қаласындағы 10 мөлтек ауданнан 65 711 тұрғын табиғи газбен қамтылған. Одан бөлек, қаладағы Абай, Қызылжар, Майқала, Ақбала және Төменгі тоғай шағын аудандары мен Тұрысбеков ауылдық округінің Шардара ауылына газ жеткізу жұмысына республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінген.
Аталмыш жобаларды жыл соңына дейін аяқтап, аудандағы газ тұтынушылардың көрсеткішін 98 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, газдандырылмаған Айдаркөл қашар және Қуан құдық елді мекендерін табиғи газ көзіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған.