Дархан Сатыбалды сәулет мамандарымен мәселе талқылады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыс аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан және енді жүзеге асатын жобалардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілді. Оған сәулетшілер, жауапты басқарма басшылары, қала әкімдігі мен өзге де мекемелерден өкілдер қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында Түркістан қаласында салынатын 80 орынға арналған перзентхананың сыртқы әрлеу жұмысы, жасанды көлі бар саябақтағы көпір мен нысандарды сәндеу, шағын қонақжайдың ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер талқыланды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды. Облыс әкімі әрбір нысан қаланың сәніне сән қосып, идеологиялық мәнге ие болуы керектігін жеткізді.
– Әкімшілік-іскерлік орталығы мен мәдени-рухани орталық маңындағы нысандар мен жобалар тұрақты бақылануда. Қаланың өзге аумақтарындағы ғимараттар мен архитектуралық жобаларына да баса мән берілуі тиіс. Әрбір ғимарат жоғары талғаммен салынып, сәулетін арттыруда білікті мамандардың кеңесі назарға алынсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Сарапшылар жиында Арыстан баб кесенесіне іргелес аумақты абаттандыру, этноауыл салу жобасы, Кентаудағы Хантағы маңында балаларға демалыс орнын ашу және өзге де жобаларды талқылады. Түркістан қаласындағы сәулеттік жобаларды жүзеге асыру бойынша тұжырымдама жасау жөніндегі ұсыныс берілді. Бұл ретте ол тұжырымдама туризм саласын дамытуға үлес қосуы тиіс. Қалаға және облыста жүзеге асатын әрбір нысан сарапшылар талдауынан өткізіледі.