Созақ: Тұрғындардың ұсынысы назарға алынды
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінде болып, белгілінген кестеге сай тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде биылғы жылы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ауылдық округ тұрғындарымен алдыңғы өткізген есептік жиын барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, атқарылар жұмыстарды баяндады.
- Біз сіздермен нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізу үшін тоқсан сайын кездесудеміз. Алдарыңызға келіп, кездесудегі мақсатымыз халықпен тығыз байланыста болып, өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру. Бұған дейін айтылған барлық ұсыныстарыңыз назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылды. Өзім осы ауданның тумасы болғандықтан атқарылу керек мәселелер маған етене таныс. Биылғы жылы сұраныстарыңызға орай, мұнда 75 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүруде. Біз мұнымен шектеліп қоймаймыз. Келер жылға да нақты жоспарларымыз бар. Осылайша түйіткілді мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, тиісті жұмыстарды атқарамыз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Жиында тұрғындар биылғы жылға бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдап, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын заң аясында қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Аудан басшысының Тасты ауылдық округі тұрғындарымен өткізген есептік жиынына аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Биылғы жылы Қыземшек кент округінде тұрғындар сұранысына орай тиісті жұмыстар атқарылуда. Қыземшек кенті аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан кенттегі дәрігерлік амбулаторияға зертханалық аппараттар алынып, анализ тапсыратын лаборатория ашылды. Бұған қоса Таңбалы тас көшесін жарықтандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Т.Рысқұлов, Т.Момбеков, Жастар, Геологтар, Жетіқоңыр, Таңбалы тас көшелерінің электр бағаналарын ауыстыру мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мал өлекселерін тастайтын Беккери шұңқырының құрылысы да жалғасуда. Таңбалы тас көшесіне балалар ойын алаңшасын салып, «Самал» балабақшасына барар жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіру үшін тиісті жұмыстар жасалуда.
Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қызешек кент округі тұрғындарымен өткен есептік жиында мәлімдеді.
Жиында тұрғындар бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдап, көкейдегі сұрақтарын жеткізді. Есептік кездесу соңында жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Онда көтерілген сауалдардың маңыздылығы ескеріліп, сала мамандары тарапынан жауап берілді. Қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кезекті есеп беру жиынын Жуантөбе ауылдық округінде жалғастырды. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары мен бірқатар сала мамандары қатысты.
Жиын барысында аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді баяндады. Өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтты.
- Сіздердің алдарыңызға келіп, жиналуымыздың басты себебі атқарылар жұмыстарды талқылап, шешу жолын қарастыру. Мұнда жиі келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап тұрамын. Бұл жердегі мәселелер маған етене таныс. Өткен жолғы кздесуде көтерілген мәселелер жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Сұраныстарыңызға орай, мал өлексесін тастайтын «Беккери» шұңқырының құрылыс жұмыстары жүруде. Жуантөбе ауылдық клубының жылыту қазандығына ағымдағы жөндеу мен Қазыбек би көшесіне көше жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Жиын соңында тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жолдап, бірқатарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау саласы бойынша сауалдарын қойып, өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы айтылған мәселелерді толықтай назарға алынғанын айтып, жауапты мамандарға шешу жолдарын ұсынып, нақты тапсырмалар жүктеді.