Түркістан: «Ауыл -ел бесігі» аясында 337 жоба қолға алынды
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, есептерін тыңдады. Жұмысты күшейту керектігін айтты.
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей отыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жоба жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық мәселесін шешіп қана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бектілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселесі қаралады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша, 14 шілдедегі деректе 240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.
Облыста 1 шілдеге дейін 7769,5 млн. теңге игерілді немесе жоспар 98,37 % орындалды.
Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.