Сайрам: Лагерьде 2500-ден астам бала демалады

Oinet.kz 18-07-2023 284

28.jpg

Сайрам ауданында мектеп оқушыларының жазғы демалыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастыру мақсатында биыл аудандағы «Оқушылар үйі» МКҚК- ның балансындағы қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерінің әр ауысымына бір мезгілде 314 бала қабылданады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Биылғы жазғы маусымда 8 демалыс ауысымы қарастырылған. Ал бүгінде бесінші ауысым жүргізіліп жатыр. Лагерде оқушылардың демалысын қызықты өткізу үшін түрлі спорттық жарыстар, байқаулар мен кездесулер, танымдық ойындар ұйымдастырылып отыр. 

Биыл демалыс орындарына ауданнан аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан 2131 бала, мүмкіндігі шектеулі 69 бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 61 бала, мектеп интернатынан 151 бала, ата-аналардың төлем ақысынан 100 бала, яғни барлығы 2512 баланы демалысқа жіберу жоспарланып отыр. Әр ауысымның ұзақтығы - 10 күн. Лагерде күніне үш мезгіл ыстық тамақ, екі мезгіл түскі шай беріледі. 

Аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев жазғы демалыс маусымының ашылуына қатысып, балалардың қуанышымен бөліскен болатын.

«Жыл бойы білім азығын жинаған оқушылар үшін ең қызықты сәт жаз маусымы басталды. Осындай жазғы сауықтыру лагері балалардың мүмкіндіктерін одан әрі аша түсуі тиіс. Біз балаларды қолдау, білім мен тәрбиесін жетілдіру бағытында бар мүмкіндікті жасауымыз керек. Балдай тәтті балалықты есте қаларлықтай етіп өткізулеріңіз үшін, сіздерге қауіпсіз және жайлы демалуды қамтамасыз етеміз», - деді М.Оразалиев.

Лагердегі әр ауысым тақырыптық күндермен ерекшелене түседі. Оның ішінде «Гүлдер күні», «Авиаторлар күні», «Спорт күні», «Теміржолшылар күні», «Индеецтар күні», «Ертегі күні», «Өрт сөндірушілер күні», «Скауттар күні» секілді ауысымдарға бөлініп, барша балаларды қуанышқа бөлеп жатыр. Сондай-ақ, лагерде мәдениет пен салауатты өмір салтын насихаттауға ғана емес, жол қозғалысы ережелерін, өрт қауіпсіздігін, нашақорлықпен күресу мәселелеріне де көп көңіл бөлініп отыр. 


Ескерткіштерді орнатуда заң талаптары қатаң сақталуы керек
Кенесары ханның Құраны кесенеге қойылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу