Келестік оқушылар «Қазақстан халқына» қоры есебінен демалады
Жазғы лагерге демалу - әрбір баланың арманы. Бірақ барлық ата-ана баласының жазғы демалысының әр күнін мерекеге айналдыруға мүмкіндігі жете бермейді.
Осыны ескерген мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасында өскен балалар мен оқуда озат оқушыларды демалыспен қамтуды қолға алған. Осы орайда келестік 200-ден астам оқушы «Қазақстан халқына» қорының есебінен жазғы лагерге жіберілді.
Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің айтуынша, алдағы уақытта тағы 1 700 оқушыны жазғы лагерлерге жіберу жоспарда бар. Ал «Қазақстан халқына» қорының есебінен жазғы лагерге жіберілген оқушылар Төлеби ауданындағы «Қуаныш» лагерінде демалып жатыр.
«Бала - біздің болашағымыз. Осындай керемет демалыс пен естен кетпес балалық шақ сыйлап жатқан Келес ауданының Адами әлеуетті дамыту бөліміне көп рақмет. Бүгінде аудан балалары табиғаты әсем, ауасы таза жерде орналасқан зәулім, жаңа, 4 қабатты ғимаратта демалып жатыр. Демалысты ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз», - деді Келес ауданының тұрғыны Гүлнұр Серғазиева.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі