Мақтааралда "Орталық Азия" халықаралық орталығы құрылады

Oinet.kz 15-07-2023 202

14.jpg

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан аумағында орналасқан "Атамекен" кедендік бекетінің құрылысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жылдың басында құрылысы басталған нысанның бас мердігері - "NUCTECH COMPANY LTD" компаниясы, құрылысты жүргізіп жатқан - "Bazis Construction" ЖШС, техникалық қадағалаушысы - "Алатау сала құрылыс" ЖШС-і болса, құрылыс нысанын "Аркхон" ЖШС-і жобалаған. 2024 жылы құрылысы аяқталатын нысанның сметалық құны - 15,5 миллиард теңге. 

Аудан басшысы нысанның жобалық сметалық құжаттамасына сәйкес салынуын қадағалап, мердігер мекеменің басшылығымен кейбір мәселелер бойынша жиын өткізді. Кедендік бекет - көрші елден отанымызға кіретін алып қақпа болғандықтан, Бақыт Насырханұлы құрылысы жүріп жатқан нысанның абаттандырылуына да үлкен мән беру керектігін атап өтті. 

Атакент кентіне жақын орналасқан кедендік бекеттің маңында бұған дейін жүк көліктерінің кептелістері жиі орын алып, кентке кіріп-шығатын жеңіл көліктер үшін қиындықтар тудырған болатын. Жаңа нысанның жобасы бойынша 600 жүк көлігіне арналған автотұрақ салынып, жүк көліктерінің кептелісі мәселеcі оң шешімін таппақ. 

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен "Атамекен" кедендік бекетінің маңына "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру да жоспарланып отыр. Сонымен қатар, "Мақтаарал-Дарбаза" темір жолы да салынғалы тұр. 

Аталған жобалар іске асса өңірде өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашылмақ. Мақталы өңірге инвесторлардың да үлкен қызығушылығы артатыны анық. 


Ордабасы: 8 елдімекен газбен қамтылады
Ордабасы: 4 ауылға сапалы ауыз су келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу