Түлкібас әк зауыты модернизациялануы тиіс
Түлкібас ауданына қарасты Түлкібас кентіндегі әк зауытына ҚР Парламент сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев және аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен арнайы барып, зауыттың жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кездесуде әк зауытының өкілдері тарапынан өндіріс ошағын модернизациялау үшін қаражаттың жетіспейтіндігі айтылды. Олар осы жағдайға байланысты қолдау көрсетіп, тиісті шараларды қабылдауды өтінді.
Әли Бектаев бастаған депутаттар бұл мәселе бойынша жұмыстар атқарылып, тиісті мекемелер мен министрліктерге ұсыныс-хаттар жолданатындығын жеткізді. Сонымен қатар, депутаттар зауыт аумағында Түлкібас кенті халқымен еркін форматта жиналыс өткізіп, көптің көкейінде жүрген мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беріп, заң аясында жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді.
Әк зауыты кеңес одағынан бері өз жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде тәулігіне 70 тонна әк өндіретін нысанда екі ауысыммен 90 адам жұмыс істейді. Аталған өндіріс ошағы биыл жалпы құны 500 млн теңгеге әк өндіру, суландыру және ұнтақтау жүйелерін іске қосу, қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, қосымша 100 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.