Балық шаруашылығын қолдау жалғасады
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылындағы балық шаруашылығымен айналысатын «DermeneAgroGroup» серіктестігінің жұмыс барысымен танысты.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, балық шаруашылығын аралап көрген қала әкімі ішкі нарықта қолжетімділікті арттыру үшін шаруаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасатындығын жеткізді.
Аталған серіктестік өткен жылы 6 жасанды тоғанға сазан тұқымдас тұқы шабақтарын жіберген. Орташа есеппен 72 грамды құраған шабақтардың салмағы бүгінде 1 кг-ға жеткен. Осыған орай, балықтар сыйымдылығы 10 мың текше метр құрайтын жасанды көлге ауыстырылған.
Арнайы жемнің арқасында тез жетілетін балықтар күзде ішкі нарыққа сатылымға шықпақ. Бүгінде үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған дерменелік кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы шаруашылығын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.