Күлтөбе туристік нысанға айналады
Түркістан қаласының «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе қалашығына күмбез орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аталған жұмыстарды жүзеге асыру 2021 жылы басталған. Жоба бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынған. 2022 жылғы республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, толық игерілген.
Бұл нысан биыл қыркүйек айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығы туристік орындардың біріне айналмақ.
2022 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген 4 млрд. теңге толық игерілген. Осы арқылы күмбез шатырлары орналасатын жобада қаралған 27 тірек және 303 дана бетон қадаларының бетон жұмыстары толық аяқталған. Күмбездің шет мемлекеттен жеткізілетін металл конструкциялары толық нысанға жеткізіліп, нығайтылған қадалар құрастырылған.
Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілген. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Күлтөбе қалашығы ежелгі Ясы қаласының бір бөлігі болған.
Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асып жатыр.