Арыстың әкімі тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Oinet.kz 05-07-2023 194

49.jpg

Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Әбдіразақов көшесіндегі №49 көпқабатты үй тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үй иелерінің ұсыныс-пікірін тыңдауға қала әкімі өзі келген соң, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді қала басшысының назарына ұсынды. Олардың қатарында көпқабатты үйлердің сыртын әрлеу, жарықшам салу, жылу жүйесі, подъездерді жөндеу сияқты мәселелер бар. 

Барлық тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін тыңдап болған соң шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова өзінің жауабын берді.

– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Алайда біз бұл үйлер жеке болғандықтан кондоминиум объектілерді жөндеуге қаржы бөле алмаймыз. Бұл жұмыстарды модернизациялау арқылы бітіре аламыз. Бұл дегеніміз бюджеттен қаржы бөлініп, Сіздердің үйлеріңіз жөнделеді. Ал ол қаржыны тұрғындар ай сайын аз мөлшерде төлеу арқылы бюджетке қайтарады. Осындай жол Сіздер үшін өте тиімді. Себебі, барлық жұмыстардың басы қасында өздеріңіз боласыздар, – деді Гүлжан Мамытқызы.

Кездесуде тұрғындар көпқабатты тұрғын үй алдындағы ойын алаңшаларында түнгі уақытта маскүнемдер көп жиналатынын айтып шағымданды. Олар ішімдік ішіп, қоғамдық орындарды ластап кететін көрінеді. Шаһар басшысы бұл мәселе ортақ екенін айтып, бұзақылармен бірлесе күресу қажеттігін атап өтті. Қоғамдық тәртіпті елемей, түн тыныштығын бұзған азаматтарды көрген жағдайда дереу полицияға шағымдану керектігін атап өтті. 

Сондай-ақ,  шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова Әйтеке би көшесі бойында орналасқан тұрғын үй жұртымен де кездесті. Қала әкімінің келгенін көрген тұрғындар өздерінің сұрақтарына жауап алып қалуға тырысты.

Тұрғындар бірқатар тұйық көшелерге жол салынбай қалғандықтан, көктем мен қыс мезгілдерінде балалардың мектеп пен балабақшаға баруы қиыншылық туғызатын айтып, жол салынса деген тілектерін жеткізді.

Қала әкімі тұрғындармен бірге ол көшелерді аралап, мәселенің мән-жайымен танысты. Алдағы уақытта қаржының мүмкіндігіне қарап, асфальт салу, кейбіріне гравий тас төсеу, тұйық көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін шешуді қарастыратынын айтты. 

Сондай-ақ, тұрғындар қоқыс төгу алаңдарының мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі, бірнеше жеке сектор мен қосқабатты тұрғын үйлерге ортақ қоқыс алаңдарына әркімде келіп, тұрмыстық қалдық тастауға құмар. Осыған байланысты, қала әкімі әр тұрғын үй тазалықпен айналысушы мекемемен келісім шартқа отырып, тұрмыстық қалдықтарды кестеге сәйкес шығару керектігін айтты. Ал, ортақ қоқыс жәшіктері алынып тасталады. 

Өз кезегінде тұрғындар, қала әкіміне бағасы қалтаға тиімді қоғамдық көлік жүргізілгеніне ризашылықтарын жеткізіп, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.


Мәжіліс депутаты Созақ тұрғындарымен кездесті
Сенат депутаттары Отырарда болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу