«Жайнай бер, шағалалы Шардара»
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Шардара ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері аудан өнерпаздарының қатысуымен «Visit Turkistan» орталығы алаңында өткен Гала-концертпен жалғасты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Жайнай бер, Шағалалы Шардара!» атты өнер кешін Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев ашып беріп, Түркістан жұртын облыстың 5 жылдығымен құттықтады.
Мәдени шарада ауданнан түлеп ұшқан жұлдыздар өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, сазгер, әнші Қазыбек Құрайыш, Мөлдір Бақытжанқызы, Айзада Әлімбек, Ибрагимовтар отбасылық ансамблі, Шахзод Сана, Лұқпан Байқожа, және тағы да басқа ауданның көркемөнерпаздары Түркістан төрін әсем әнге бөледі. Сонымен қатар пародист, әнші Сырымбет Бибосынов және Ырысбала Икрамбай жүргізген кеште әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге танылып үлгерген 5 жасар математик Ислам Қанатбекұлы есепке жүйрік қасиетімен көпшілікті таң қалдыра білді.
Шардара ауданының мәдениет күндері бүгін, 9 шілде күні сағат 18:00-20:00 аралығында Этноауыл аумағында жалғасады. Өнер мерекесінің үшінші күнінде аудан диқандарының ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі мен «Ұлттық ойындар – ұлттық тәрбие құралы» атты спорт түрлерінен сайыстар өтеді.