Ордабасы: Биыл бірнеше ауыл газбен қамтылады
Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық жиын өтті. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында алдымен ауданның қоғамдық саяси ахуалына тоқталып (Орталық аурухана, полиция бөлімі, Төтенше жағдайдар бөлімі, Адами әлеуетті дамыту бөлімдерінің) қысқаша баяндамасын тыңдады.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының орынбасары Асқар Балабиев құрылысы таяу қалған елді мекендердегі ауыз су мен табиғи газдың қазіргі жағдайын баяндай келе тамыз айында бірқатар ауылдарға көгілдір отынның ел игілігіне берілетінін сөз етті.
Аудан әкімінің аппарат басшысы Мейрамбек Ақмұратов хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, елді мекендердегі санитарлық тазалық пен кәсіпкерлік нысандардың қаскелбетін ретке келтіру бойынша орындалмаған жұмыстар барысын арнайы фото слайдпен көрсетіп, Бадам, Төрткүл, Бөржар, Шұбарсу, Шұбар ауыл округтерінде жұмыстар жүргізілмегенін айтты.
Жиын соңында Азат Оралбаев мәжіліске қатысып отырған Ордабасы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа басшысы Ғани Нұрымбетовты таныстырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атқарылатын жұмыстарды бөлімдермен біріге жұмыс жасау керектігін атап өтті.
"Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киелі Түркістан облысында өткізген Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде "Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс"-деген. Өз аулымызға жанашырлық танытып, ауылдың азаматы ретінде жұмысты адалынан жасау керекпіз. Ұлы Абай атамыздың «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Жұмысымызға сын келмес үшін соған лайықты іс атқарумыз қажет"-деді Азат Оралбаев.