«Шежірелі өлкеден – Рухани Темірқазыққа»
Түркістандағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кітап Travel – 2023» жобасы аясында «Шежірелі өлкеден – Рухани Темірқазыққа» атты шара өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бастап келген көште сайрамдықтар «Фараб» кітапханасының қорына 200 кітап сыйға тартты. Сондай-ақ, сирек кездесетін 1306 жылы шыққан араб тілінде жазылған кітап тарту етті.
Шараның ашылуында ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім, облыстық кітапхана директорының орынбасары Жанар Аманжолова, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, Сайрам ауданы «Қоғамдық келісім» филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бекболат Оспанов қатысып, жиынның маңыздылығын түсіндірді.
Шара соңында аудандық кітапханашылар Жанар Нарботаева, Ардақ Әжімұхан, Дана Абдуллаева өздерінің тақырыптық кітап көрмелерін таныстырды.