Жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысында

Oinet.kz 27-06-2023 183

8.jpg

Түркістан облысының ауыл шаруашылығында тың жобалар жүзеге асуда. Бұл жобалардың ішінде   200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, мал бордақылау алаңын салу, 490 гектарға жаңбырлатып суару, 2,1 гектарға фермерлік жылыжай салу, балық өсіру және сүт өңдеу цехын салу бар. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында әкім Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

«Экономиканың маңызды саласының бірі – ауыл шаруашылығында өнім көлемі бес жылда екі есеге артып, алғаш рет 2022 жылдың қорытындысымен 1 трлн теңгеден асып отыр. Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылды. Салада жаңа технология кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде өнімділік бес есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім алынуда», – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ әкім республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысына тиесілі екенін айтты. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1500 гектарға жеткен, өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналған. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланған.

Егістікті әртараптандыру нәтижесінде 3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналмақ. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Түркістан өңірінде жыл сайын ағын судың тапшылығы байқалады. Осы мәселені шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып өткен жылы 2 нысанды пайдалануға бердік. Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы салынды. Нәтижесінде жылына қосымша 34 млн текше метрді құрайтын суды жеткізуге мүмкіндік берілді», – деді облыс әкімі.


Түркістан: 5 айда 55 мың жұмыс орны ашылды
Дархан Сатыбалды: Өзіндік кірістерін көбейтуіміз қажет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу