«Ауыл аманаты»: Шағын кәсіп ашуға басымдық беріліп отыр
Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінен «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасына 20 жоба ұсынылған. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындармен кездесуінде айтты.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бастапқыда тек мал бордақылау, балық және жылыжай салу бойынша құжаттар қаралса, қазіргі таңда шағын кәсіп ашуға да басымдық беріліп отыр.
— Өткен аптаның ішінде облыстық тиісті басқармадан өкілдер келіп, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округін ресми түрде «Ауыл аманаты» жобасына енгізді. Кәсіп бастаймыз деген азаматтарды сүйемелдеуге дайынбыз. Сонымен қатар алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелерді шешу бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсам, Жуантөбе, Көгерту, Ескіқорған Ғ.Мұратбаев елді мекендеріне мектеп құрылысын жүргізу мәселесі бар. 2023 жылы Ғ.Мұратбаев елді мекені аумағынан 600 орындық жайлы мектеп құрылысы басталмақ. Жуантөбе, Көгерту, Ескіқорған елді мекендері аумағынан 300 орындық мектеп құрылысы 2024-2025 жылдар аралығында жүргізілмек, - деді Жәнібек Есенұлы.
Сонымен қатар, ауданда тұрғындар сұранысы негізінде каналдар мен қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізіліп жатыр. Оның ішінде Ошақты ауылдық округі аумағындағы Жиделі каналына механикалық әдіспен тазалау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Теріс каналының 17 шақырымы мен Тешебай және Қуандық каналдары да механикалық әдіспен тазаланады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, аудандағы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі, Атақоныс, С.Саттаров, Қаратал, Бақышсай, Ынталы елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша газ жеткізгіш құбырдың құжаттары заңдастырылып жатыр. Ішкі жүйелердің құжаттары толық аяқталған. Сондай-ақ, Бірлесу ауылдық округі аумағын абаттандыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сапалы инфрақұрылыммен қамту, ауылшаруашылығы саласында тың технологияларды жүзеге асыру сынды шаралар атқарылып жатыр.
— Қазіргі таңда «Абай Келес аудандық ауруханасы» МКК тарапынан 28 гвардия елді мекені аумағынан дәрігерлік емхана құрылысы үшін мемлекеттік актісі алынып, сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалды. Мәселе толық шешімін тапқанша өз бақылауымда болады. Сонымен қатар таяу күндері Бірлесу ауылдық округіндегі кезек күттірмейтін ішкі каналдармен қашыртқыларды тазалау үшін «Тұран Су» мекемесімен ішкі каналдар механикалық тазалаудан өткізіледі, - деді аудан әкімі.
Айта кетсек, аудандағы Жүзімдік елді мекеніне 149 орындық мәдениет үйін салу үшін жобалық сметалық құжаттары қайта әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылды. Құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдары жүргізілмек.