«Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» жобасы жалғасын тапты

Oinet.kz 11-06-2023 353

17.jpg

Қызылорда қаласында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» рухани мәдени шарасы жалғасын тапты. Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қос өңірдің қаламгерлері мен кітапханашылары бас қосты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» тақырыбында өлкетану бағытында жасақталған көрме таныстырылып, келушілер назарына ұсынылды. Содан соң киелі шаһардың тарихы мен облыс орталығына айналған аз уақыт ішінде жаңаша түрлегені туралы бейнефильм көрсетілді.

Келелі жиын ақын, жырау Серік Ыдырысовтың «Фараб» ұжымына арнауымен басталды. Шара барысында сөз алған аталмыш кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова қызылордалық әріптесі, кітапхана директоры Нұрлыбек Кәрібозұлына облыс әкімі орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың сәлемін жеткізіп, Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады. Сонымен қоса қызылордалық зиялы қауым – Есімсейітова Қаршыға мен Сайлаубай Жұбатырұлына құрмет көрсетті. Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым мен Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова да сөз алып, бүгінгі сапардың мақсаты мен маңызына тоқталды.

Түркістан облысынан ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым мен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, Мәдениет саласының үздігі Жанат Шардарбекова бастаған делегация құрамында ақын, «Алтын қауырсын» медалінің иегері Сайлаухан Жоланов, ақын, композитор, қобызшы Шерхан Әлібеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрғали Сердалиев, ақын, журналист, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бауыржан Ерман бар.

Әдеби және ғылыми ортаның өкілдері, өнерпаздар бас қосқан жиында өлең оқылып, ғибраты мол әндер шырқалды. Сонымен қатар бүгінгі кітапхананың жай-күйін, оқырман тарту және шығармашылық кештер өткізу туралы сөз қозғалды. Рухани сапар аясында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен қызылордалық қаламгерлер жалпы саны 4000-ға жуық кітапты «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында тарту етті. 

Шараның мақсаты Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласында болып жатқан жаңалықтарымен бөлісу, өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру болып саналады. Сонымен қатар өңір басшылығының бастауымен жолға қойылған «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына кітап қорын қалыптастыру көзделген. 

Бұған дейін Тараз, Алматы және Астана қалаларында өткен шара барысында 12500-ге жуық кітап жинақталған болатын. Жалпы Түркістан облысының руханиятын көршілес облыстарға (Жамбыл және Қызылорда облыстары), республикалық маңызы бар ірі үш мегаполиске таныстыруды мақсат еткен әдеби сапардың келесі көші Шымкент қаласында жалғасады. 


Кентау: Жылудың сапасы жақсарады
Президент реформасы: Кәсіпкерлердің құқығын қорғауға айрықша мән беріліп отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу