Сарыағашта 585 пәтер баспанаға мұқтаж азаматтарға берілуде

Oinet.kz 11-06-2023 175

11.jpg

2021 жылы қабылданған «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының мақсаты базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады. Ұлттық жоба бұған дейін үш мемлекеттік бағдарламада (Өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту) болған бағыттарды біріктіреді. Түркістан облысында аталған жоба бойынша бірқатар ауқымды шаралар қолға алынуда. 

Мәселен, Сарығаш қаласындағы Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағынан 5 қабатты 45 пәтерден тұратын 13 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталған болатын. Коммуналдық арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. 

Биыл жыл басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен бұл үйлерге арналған автономиялық кәріз жүйесін жүргізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда толық инфрақұрылым мәселелері шешімін тауып, баспанаға кезекте тұрған мұқтаж азаматтар мен көпбалалы отбасыларға 585 пәтердің кілтін табыстау басталып кетті. 

- «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, пәтерлер санаттар бойынша үлестіріліп жатыр. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагері – 1, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 117, көпбалалы отбасыларға – 211, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына – 256 пәтер, - деді аудан әкімінің орынбасары Б.Полатов. 

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша,  баспаналардың кілті 1 маусымнан бастап табысталып жатыр. Пәтерлер толық беріліп болған соң үй иелерімен келісім-шарт түзіліп, тиісті құжаттар рәсімделетін болады.


Жетісайдың әкімдігіне жылыжай шаруашылығын дамыту тапсырылды
Оңай жолмен ақша табу-опындырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу