Сот Рашид Аюповтың ісін қарауды бастады
-Астана қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соты Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың ісін қарауды бастады,-деп хабарлайды oinet.kz тілшісі.
Аталған соттың шығарған қаулысына қарағанда, Рашид Аюповтың ісі сотқа 2 маусымда келіп түскен. Оған Қылмыстық кодекстің (1997 жылғы редакциясы бойынша) 177-бабы, 4-бөлімінің «б» тармақшасы (аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау), 28-бабының 4-бөлімі және 312-бабының 5-бөлімі (аса ірі мөлшерде пара беруге айдап салу) айыптары тағылған. Соттың алғашқы отырысы, бүгінге, 9 маусымға белгіленген.
Жуырда Антикор былтыр қазаннан бері қамауда отырған Рашид Аюповтың ісіне түсінік берген болатын.
--2013 жылы ол премьер-министр кеңсесінің қызметкері бола отырып, ірі жеке меншік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірді. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берді. Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды,-делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратқан ресми мәліметінде.
Бұған дейін Рашид Аюповтың үстінен құзырлы органдарға былтыр белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың арызданғаны айтылған болатын. Ақпарат құралдарында бұл іске сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары қызметін атқарған Ғабидолла Әбдірахымовтың қатысы бары жарияланған болатын. Алайда бұл іс бойынша қазіргі уақытта тек Рашид Аюпов ғана жауапқа тартылып жатыр.